Аңыздар ✍️
Алқа
Құрманғазы жаяулап ел шетіне келіп, бірақ ауылына баруға бата алмай, Жәлел деген досының үйіне келеді. Жәлел Құрманғазыны қойнын ашып қарсы алады. Бірақ күйшінің үй ішінің аман-саулығын айтқанда аздаған әңгімесінің кірбіңін Құрманғазы сезіп қалады. «Ел аралаған сыншы болады» дегендей, Құрманғазының қырағы көзіне ол кірбең ілініп қалады. Сол жерде Құрманғазы тұрып: «Сенің әңгімеңнің түбінде айтылмай тұрған бір жай бар ғой. Несін жасырасың, айт! Біздің үйде бірдеңе болып қалған ғой» дейді. Жәлел біраз уақыт кібіртіктеп, ақыры болған оқиғаны кезегімен баяндайды. Ол күйшінің әкесі Сағырбайдың осыдан екі ай бұрын қайтыс болғанын, осыдан үш күн бұрын Әуес пен емізулі баласы Қазиды Орынбордан солдаттар келіп, қашып кеткен күйшінің орнына «залеке» деп алып кеткенін айтады.
Құрманғазы ұзақ уақыт басын көтере алмай, күрсініп отырып қалады. Басынан ауыртпалықтың кетпей қойғанына налиды. Бірақ «уайым түбі — теңіз, батасың да кетесің, тәуекел түбі — қайық, мінесің де өтесің» дегендей, әрең тамағынан өткен асты ішіп болғасын, тұжырымды шешімге келеді. Ол шешімін досына айтып, өзі сол түні шешесіне көңіл айтуға, аман- есен келгенін білдіруге, алған шешімін айтып естіртуге үйіне кетеді. Алқа аңырап қалғанын баласына шағып, қанша мықты болғанмен қапелімде бір үйлі жаннан жалғыз өзі ғана қалғанына қатты күңіренді. Бірақ жақсы көрген баласы Құрманғазының төбесін көргесін көңілі біраз жұбанып, баласының Әуестің соңынан қуу жоспарын мақұлдайды. Тек Құрманғазының енді ешкімге қолын тигізбеуін, басқа қауіп төніп бара жатса, ешкімге ұрынбауын тілек етеді. Барлық өмірдегі қуанышы мен реніші, сүйінгені мен күйінгені күй арқылы сыртқа шығып барып көңілі бір жерге тоқтайтын Құрманғазы, осы арада тағы рухани жолдасы домбырасын алып, толғанады. Әкесінің өліміне, Алқадай анасының аңырап қалғанына арнап күй шертеді. Бұл күй кейін халық арасында «Алқа» атанып кетеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter