Әңгімелер ✍️
Ақ бата
Бір күні таңертеңгілік қой өргенде Балпықтың зайыбы Сұлушаш малға барса, ең соңында малға ілеспей, қайта-қайта маңырап, малының басы көкқасқа қошқар тұрып апты. Сұлушаш күндігін салып жіберіп, жетелеп кеп үйінде қонақ болып отырған Ескелдіден бата сұрапты.
Ескелді би белдігін мойнына бос тастап:
— Иә, Құдай, мені шын Ескелді ғып жаратқан болсаң, келер жылдың осы уағына қаратпай, Балпыққа осы көкқасқа қошқардай ұл бер! — деп бата жасапты.
Келер жылы Балпықтың бауырлары «шүйінші» сұрап алдымен Ескелдіге келген екен, ол үш бестілік нар түйе жетелетіпті. Өзі жора жолдастарымен «бауы берік болсын» айта келіп:
— Өскен ауыл едік, Құдай біздің жолымызды берсін! — деп сәбиге өз әкесі Жылкелдінің атын беріпті.
Әйгілі колхоз құрылысының қайраткері, екі дүркін Социалистік Еңбек Ері атағын алған Алдабергенұлы Нұрмолда марқұм сол Жылкелдінің шөбересі көрінеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter