Өлеңдер ✍️
Биссиміллә деп бастайын
Биссиміллә деп бастайын,
Асығыс айтып саспайын.
Қайран да менің асылым,
Жоқтамай қайтып тастайын.
О-о-у, қормалым!
Қормалым еді-ау қорғаным.
Кермеден кетті дүлдүлім,
Бағынан ұшты бұлбұлым.
Пәниден көшті бақиға,
Табылар қайдан бір күнің?!
Әкем бір қосқан досым-ай,
Мұңлық деген осы ма-ай.
Заманым болар бір сығым,
Заршылық түсті басыма-ай.
Қолымнан ұшты бұлбұлым,
Кермеден кетті дүлдүлім.
Рақымсыз ажал өшірді,
Иранбақтың бір гүлін.
Бұзылды алтын қаламыз,
Оңуға бар ма шарамыз?
Айналды заман қиынға,
Ойласақ естен танамыз.
Жамағат ойға қаламыз,
Ғасіретпен жанамыз.
Қайтып ақыл табар-ау,
Артыңда қатын-балаңыз?
Сөз бастайын пірімнен,
Жан жаратқан кәрімнен.
Амалым бар ма айрылдым
Асқар тауым, әлімнен!
Сандуғашым сайраған,
Иранбақта жайнаған.
Қалды-ау артта балалар
Бау шарбақта ойнаған.
Тілеу дұрыс деуші едім,
Құдайға не еттім қоймаған?!
Жас баладан жабырқап,
Қасірет-қайғы ойлаған.
Елім-жұртым, құлақ сал,
Бұлбұлым кетті сайраған.
Болат еді тас кесті,
Алмаспенен қайраған.
Әлпештеген дүлдүлім,
Арғымағым байлаған.
Кең ойлы туған сабазым,
Алыстан ақыл ойлаған.
Ерегескен жауыңды
Алушы ең ақыл-айламен.
Тау басынан қар кетті,
Арғымақтан жал кетті.
Серігім сізден айрылып,
Ақша беттен қан кетті.
Салтанат қайда, салт қайда,
Енді бізден сән кетті?!
Қаршыға түсер қалыңға,
Қанатын соғар шалғынға.
Ұсынсам қолым жетпейді
Әуелеп ұшқан жалынға.
Таудың көркі талменен,
Жігіт көркі малменен.
Ұрпақтың көркі әкемен,
Әйелдің көркі жарымен.
Ағұзұ деп бастамақ.
Бісміллә деп сөз басын.
Басқандықтан қайғы-мұң,
Төгілді менің көз жасым.
Зар еңіреп жоқтаймын,
Атаның жалғап мұрасын.
Түзде тұйғын ділдәрім,
Халқына жайлы лашын.
Тарбағатай, Барлықты,
Жылаумен дауысым қарлықты.
Көл болып жасым төгілді,
Салыпты Алла жарлықты.
Әуелі сөзді парлайын,
Ертелі-кеш зарлайын.
Қормалымнан айрылып,
Сорлы болды маңдайым.
Тудым деп пенде қуанба,
Туудың түбі өлі екен.
Өтеріне келгенде,
Дүние қызыл жел екен.
Баяны жоқ сұм жалған
Жаңбырдан соңғы сел екен.
Отырмыз сізге зар болып,
Кең заманым тар болып.
Ұйқыда көрген түстей боп,
Тағдырға мына таң қалып.
Қара шапан бүркендім,
Шықпадым үйден шұбалып.
Ертелі-кеш зарладым,
Дәрия-көлдей су алып.
Жетейін деп келгенде,
Қиын жоқ осы зарыңнан.
Көрмегендей жарық күн,
Қасірет басты қайғыдан.
Жаңбыр, бұршақ нөсердей,
Көзімнің жасы парлаған.
Қасиетті рухыңа,
Моллалар дұға арнаған.
Он сегіз мың әлемде,
Армансыз өткен бар ма адам?!
Күнәға батып қайтейін,
Сұрайын иман Алладан.
Пенде екенбіз бес күндік,
Өлімге басын байлаған.
Оқытып құран тоқтайын,
Қапыда ішім қайнаған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter