Ертегілер ✍️
АРМАНЫНА ЖЕТКЕН АЛПАМЫС
Гүлбаршын сұлуға үйленемін деген дәме Ұлтанды әбден есіртіп жіберген. Сонан соң да осынау неке қияр тойды мейлінше дүрліктіріп, өзінше бір ерекше сән-салтанатпен өткізген болып жатыр еді.
Алпамыс батыр диуананың киімімен елеусіз ғана келгенде, тойдың нағыз қызу кезі екен. Төрде обадай болып Ұлтан отыр. Екі езуі екі құлағында, осы тірлігіне әбден риза сыңай байқалады.
Мұндай тойда диуананың артық-кем сөздер айтып, елді күлдіруінің әбестігі жоқ. Сол дәстүрмен Ұлтанға жанасыңқырап келген Алпамыс та бір сарынды бастап жіберіп еді. Алдымен «әу» деп өлең бастағаннан-ақ Ұлтанға соқтықты. Мына ен дәулет Ұлтанның еншісі емес екенін, әкім болып ел-жұртты қан қақсатып жүргенін айтты. Онан соң дүниенің аумалы-төкпелі екенін, бақ дегеннің сынаптай тұрақсыздығын айта келіп, енді осы дәулег, осы бақ кешікпей-ақ басыңнан көшеді деп бітірді.
Көпшілік қауым диуананың бұралқы сөзі деп ойлап, өздерінше мәз болып еді. Бірақ Ұлтан құл әлгі сөзден кәдуілгідей тіксініп, диуананы жақтырмаған шырай танытып отырды да, өлең айтылып болған кезде:
— Маған мына диуананың өлеңі жақпайды, түк бермеймін, аулақ қуып жіберіңдер!—деп әмір етті. Жалаңдап тұрған жандайшаптар қандай, демде Алпамысты қақпалап, шеттетіп жіберді. Бұл жайды Алпамыстың әйелі Гүлбаршын сұлу да көріп отырған. Жай көріп қоймай, диуананың жүріс-тұрысынан, бітімінен, даусынан бір жақындық танып, Алпамысын елестетіп еді. Мұны өзінше бір жақсылықтың нышаны болар деп жорып, өзіне қызмет көрсететін Мафия деген сақау әйелді шақырып алған.
— Мафия,— деді Гүлбаршын елеусіз ғана сыбырлай сөйлеп,— сен анау диуанаға мына сегіз тілләні бер де, бал аштырып келші.
Мафия сөзге келген жок. Тек былай шыққан соң: «Сегіж тіллә бейіп, диуананы несін еситемін, онан да жайтысын өжім алып, ейтең базайға байып, киім алып киейін, көңілім сүйген жігітпен ойнап-күлейін, диуананың ежуіне ши.ейін, төйтеуін бейсем де аждық қылмаш»,— деп, төрт тілләні ышқырына тықты да, қалғанын Алпамысқа әкеліп берді.
— Әй, Мафия,— деді сонда Алпамыс,— Гүлбаршындай ақылды ару диуанаға төрт тіллә бермесе керек еді ғой. Диуананың сегіз пірі бар екенін, оның әрқайсысына арнайы садақа бермесе, ашқан балдың ақ сөйлемейтінін сен білмесең де, Гүлбаршын білуге тиіс. Неге алдайсың, сақау қар, аруағымды шақырып, қол-аяғыңды буып тастайын ба осы!.. Мұны естігенде, Мафияның көзі шарасынан шығып, зәресі ұшты. Аяқ астында абдырап, онсыз да сақау тілі күрмеліп, ышқырындағы қалған төрт тілләны да Алпамыстың қолына ұстата берді.
Бұл кезде Ұлтан тағы да бір жұрт алдында дараланып қалғысы келген ниетпен, тойды өзінше қыздыра түспек болып еді.
— Уа, халайық,— деді ол барқырай дауыстап,— мергендер шықсын оң жаққа. Қазір дарақ басына жамбы ілінеді, кімде-кім атып түсірсе, бәйгесіне түйеші Байбөрінің қызы Қарлығашты беремін.
Ұлтанның жарлығынан кейін бір топ жігіт қүнжыңдасып дарақ орнатуға жұмылып кетті. Дарақ орнатылып, жамбы ілінгенше, той басқарушылар көптің ішінен өлеңшілерді сүзіп, айтыс ұйымдастыруды ниет етіп еді. Тойдың бұл сәті де Ұлтанның көңіліне майдай жағып: «Тілдері жеткен менің бек болғанымды өлеңге қоссын»,— деп желпініп қойды.
Жоқты бар деп айтып, кімнің жұртқа күлкі болғысы келсін, Ұлтанды мадақтайтын ақын көп ішінен суырылып шыға қоймады. Осы кезде Ұлтанның Бадамша деген сақау қатыны бір жағынан намыс буып, екінші жағынан дарақылығы жеңіп, ортаға жұлқына шықпасы бар ма! Оған бағанағы Мафия сақау қосылды. Екі сақаудың тілі шолтаңдап, сызыла жөнелгенде, қыжырта күлмеген тірі жан қалмады. Оны елеп жатқан Бадамша мен Мафия бар ма, Ұлтанды жер-көкке сыйғызбай мақтасын-ай келіп. Олардың айтуынша, әділ де Ұлтан, айбарлы да Ұлтан, ақылды да, дәулетті де, сәулетті де Ұлтан.
Мұны естіп тұрған Алпамыс шыдамай кетті білем, жақындап келіп, Бадамшаны айтысқа шақырды. Ұлтан құлды арқа тұтып, бұлғаңдап отырған Бадамша тартынсын ба, «келсең кел» дегендей шап ете қалды. Айтыс басталды да кетті. Сондағы Бадамша мен Алпамыс арасындағы айтыс былайша болып еді.
Б а д а м ш а :
«Айшық мүйіз ақ сейке
Қойды баштай, жай-жай,
Бейі қыпша жігіттей
Тойды баштай, жай-жай,
Бізді мақтап өйен айт,
Бек бойдың деп, диуана,
Кеулі кейсе Бадамша
Теңге таштай, жай-жай!»
А л п а м ы с :
«Бісмилле деп өлеңді
Кеп айтамын, жар-жар,
Асықпасаң тойыңда
Кеп айтамын, жар-жар!
Мәні-жайын қандайын
Білгенім жоқ, жар-жар,
Ел қыдырған диуана
Нені айтайын, жар-жар?»
Б а да м ша :
«Бісмәйдә деп өйенді
Көп айтыңыз, жай-жай.
Тоқай бойған Күйбайшын
Бімеймішін, шикін-ау,
Құтты болшын тоқайың,
Деп айтыңыз, жай-жай!»
А л п а м ы с :
«Бісмиллә деп тойына
Келе алмаймын, жар-жар,
Байың тегін берсе де
Сені алмаймын, жар-жар.
Әлі де болса сен күңсің,
Ол Гүлбаршын — бәйбіше,
Сен бәйбіше болады
Дей алмаймын, жар-жар».
Б а д а м ш а :
«Бижияма, шикін-ау,
Бижияма, жай-жай,
Миың кетіп башыңнан ?
Қайжияма, жай-жай.
Үйтан бегім төбеңді
Ойып қояд, жай-жай.
Бет алдыңа бижияп
Сандияма, жай-жай».
А л п а м ы с :
«Сен де шаптың бәйгеге,
Менде шаптым, жар-жар,
Ашуланып бетімнен
Иттей қаптың, жар-жар,
Өлгеніңше мақтайсың
Ұлтан құлды, сақау қар,
Ұлтан құлдан сен қанша
Опа таптың, жар-жар?!»
Б ад амш а :
«Шен де шаптың бәйгеге,
Мен де шаптым, жай-жай,
Кейішпедің, бетіңнен
Иттей қаптым, жай-жай.
Мен мақтамай, кім мақтайд
Ұйтанымды, жай-жай
Заманымда дидадан
Шашбау тақтым, жай-жай».
А л п а м ы с :
«Өлең айтып алдыңнан
Есейін мен, жар-жар,
Бұл Байсынды жағалай
Көшейін мен, жар-жар.
Заманьшда тағыпсың
Тіллә шашбау, жар-жар,
Осы тіллә шашбауды
Қесейін мен, жар-жар».
Бада м ш а:
«Өйен айтып айдымнан
Жейдей ешші, жай-жай.
Бұй Байшында жағадай
Ейдей көші, жай-жай.
Шашбау түгіл дамбайым
Бауы жібек, диуана,
Неғылады тішіңмен,
Тіштеп шешші, жай-жай».
А л п а м ы с :
«Жүруші едің, Бадамша,
Отым жағып, жар-жар!
Жүруші.еді
Ұлтан құл
Малым бағып, жар-жар.
Қалай-қалай сөйлейсің,
Ей, сақау қар, жар-жар
Өлтірейін астыңа
Қазық қағып, жар-жар».
Алпамыс соңғы жауапты айтқанда, түсін суытып, даусы қаһарлана шығып еді. Айтысып отырған Бадамша сол сәт әлденеден сезіктенгендей, жел соққан жапырақтай қалтырап кетті. Іле етек-жеңін қағынып, орнынан тұрып: «Құйысын өйеңі, бұ кім өжі... айтышпаймын!»—деп, жылыстаған қалпы қарасын өшірді.
Бұл кезде дарақ құрылып, жамбы ілініп, тойшылар енді осы қызықты тамашалауға ойысқан. Бәйгеге Қарлығаш тігілген соң, ел ішінің небір саңылақ жігіттері де бақ сынап көруге қамданған.
Осынау абыр-сабыр сәтті пайдаланған Алпамыс өзінің әйелі Гүлбаршын сұлу отырған отаудың тұсына елеусіз ғана жақындап келген. Ұлтанның әумесер күзетшілері де қазір жамбыны қызықтап, іштей: «Шіркін-ай осыған менің оғым тиіп, Қарлығашты еншілесем-ау!»— деген есек дәмемен жүргенде, күзетті жайына қалдырған. Оның үстіне Алпамыстың диуана кейпі едеусіз де еді. Гүлбаршын сұлудың көңілінде мұң, көзінде жас болғанымен, бағанадан бері осы диуанадан көз жазбай отырған. Енді, міне, диуана кейпіндегі Алпамыс үй сыртында тұрып, жаңағы жар-жардың әуенімен тіл қатқанда, Гүлбаршынның ет жүрегі торға түскен торғайдай тыпырлап қоя берді.
— Байсынның жерін, Қоңыраттың елін көргенім осы еді,— деді Алпамыс,— жолым жақсы екен, той үстіне тап болдым. Той иесі өзің болған соң, екі-үш ауыз өлеңмен келіннің .көңілін көтеруді жөн көрдім.
— Ей, диуана-ай!—деп Гүлбаршын күрсіне жауап қайырды.— Сен не білесің, құдайдан тілегенім бұл емес еді ғой. Жеті жыл санаменен сарғайған мендей бейбаққа осы тойдың орнына өлімін жібергенін қалап едім.
— Қой, келін шырақ!—деп, диуана болып тұрған Алпамыс осы кезде қасақана шошына тіл қатып еді,— мұның қалай, аузыңды ашқаннан өлімді айтқаның. Әлде Ұлтанда кегің бар ма еді?
Мұнан әріге Гүлбаршынның шыдамы жетпеген. «Е тәңірім, көз жасымды көрдің бе... Мына опасыз жалғанмен бүгін қоштасармын деп отырғанда, арымның арашасы болып жеткен Алпамырым емес пе!..» — деп, еңіреген қалпы отаудан шықты. Алпамыс та шыдап тұра алмай, жүзін көрсетіп, құшағын ашып, Гүлбаршынды бауырына қысқан қалпы тұрып қалды. Бұлар бірімен-бірі іштей көрісіп, неше жылғы қайғы-қасірет көпірі лақ етіп ақтарылғандай, сол қасірет көпірін бір-біріне үнсіз жеткізгендей күйде тұрғанда, бір зарлы дауыс естіліп еді. Алпамыс та, Гүлбаршын да елең етіп, құшақтарын жазып, құлақ түрісіп тұрып қалды. Саулы інгендей аңыраған шерлі үн естіген жанның сай-сүйегін сырқыратып, бірте-бірте жақындап келеді.
Алпамыс пен Гүлбаршын шыдай алмай қараса, арқасында бір бума шөпшек, шүйкедей болып Картайған Аналық бәйбіше. Соңғы кезде басқа шаруадан қалған соң, Ұлтан құл үйіне тамызықтық шөпшек тергізіп қойған. Соңғы жеті жылдан бері Аналық бәйбішенің көзінен жас кетпегенін Гүлбаршын жақсы білетін. Алайда, бүгінгі зары тіптен өзгеше еді. Мұның себебін Гүлбаршын өзінен көріп қапа болды. Аяулы енесінің көз алдында болып жатқан мына тойдың азабы қандай ауыр екенін іштей ұғып, егіліп тұр.
Алайда, Аналық бәйбішенің бүгін айрықша зарлануының басқа себебі бар еді. Осыдан үш күн бұрын түс көрген. Түсінде жібек баулы ақ сұңқарды қолына қондырып жүр екен... Осыдан кейін-ақ жүрегі алып-ұшып, Айпамысын асыға күтіп, бөлек бір күйге түскен. Енді, міне, бүгін таң атқалы иіні тартып, ерні қышып, суалып кеткен қос анары дертіп шыдатпай қойды. Қазіргі сәтте Аналық бәйбішенің зарға қосып келе жатқаны да осы гәп Бұл зарға құлақ түрген Алпамыс анасын бірден таныды. Таныды да, дүниенің бәрін ұмытып нәрестедей елбіреп, құшағын жая ұмтылды. Бар айтқаны: «Апа!»— деген жалғыз ауыз сөз.
Алпамыстың: «Апа!» — деуі мұң екен, соңғы жылдары тас керең болып біткен Аналық бәйбішенің құлағы шайдай ашылып қоя берді. Аспан асты: «Апа!» — деп жаңғырығып кетті. Осылайша ана мен бала қайғы-қасіретті, қулық-сұмдықты, азап-ауыртпалықты жеңіп, дүние дидарындағы ең аяулы сезімге кезек берді... Мұнан әрі Алпамыс уақыт алмады. Ұлтанды енді алшаңдатудың еш қисыны жоқ еді. Сонан соң да ширақ қимылдай жүріп Байшұбарын мініп, жамбы атып жатқан топтың жанына келген. Осы кезде Ұлтан дарақы дауыспен:
— Кезекті диуанаға беріңдер! Енді диуананың әуселесін көрейік! — деп еді.
Алпамыс бөгелген жоқ, садақты шірене тартып, жамбыны сыңғыр еткізіп атып түсірді.
Мұны көрген Ұлтан мына диуананың тегін емес екенін енді ғана сезіп, жай сезіп қана қоймай, Алпамыстың дәл өзі екенін жазбай танып, жанын қоярға жер таппаған еді. Шуылдаған жұртта да шаруасы жоқ, енді қарақан басын сауғалап, жылыстай бергені сол еді:
— Уай, Ұлтан, тоқта! — деді Алпамыс, — Ұлтан, тоқта.
Бұл жалғаннан көрген қызығың бір басыңнан асып кетті білем, енді сол басқа жер жастандыратын кез келді!
Бақырауық атандай баж еткен Ұлтан енді найзамен шаншуға оқталған АлпаМысты: «Көке!»—деген дауыс кідіртті. Жалт қараса, өзінің ұлы Жәдігер.
— Көке, осы кезегіңізді маған қиыңызшы! Үйреніскен жауым ғой, өнерімді бір көрсетейін,— деді. Алпамыс сөзге келген жоқ, шегініп кетті. Жәдігер болса, тышқан алған мысықтай Ұлтанды найзаның ұшымен қақпалап жүріп, тірсегінен тілді де, ағаш бұтағына іле салды...
Қиянатпен қабырғасы қаланған бақтың ғұмыры қысқа деген осы екен, Ұлтанның зібірі осымен тынды. Тойға жиналған жұрт та Алпамысты танып, бірі қуанып, бірі ұялып, бірі қорқып-пысып жатты.
Біреулер бір-бірінен сүйінші сұрап, бірін-бірі қуантуда болды. Сүйінші сұраушылар Қарлығашқа да жетті. Бір туғанның жөні бөлек емес пе, сүйіншіге бір түйе, бір ат жетектетіп жіберді. Іле өзі де құстай ұшып жетіп, ағасы Алпамыспен құшақтасып көрісіп еді. Қөрісе тұрып Қарлығаш: «Арыстан көкем, келдің бе?.. Азып-тозған, еліңді, қайғылы болған жұртыңды, жалғыз балаң Жәдігерді көрдің бе?.. Өлімге бас байлап кетіп едің, қанатың өртке шалынбай есен-сау жеттің бе?..
Құлағым талай шулап еді, жау ішінде жүргенде, «қалқам Қарлығаш» дедің бе?»—дегенде, мұны естіген жанның сай-сүйегі босап, көзіне жас алмағаны қалмады...
Жиделібайсын жеріндегі енді көзден тамған жастың бәрі қуаныш жасы еді.
Нағыз той Жиделібайсын жерінде Алпамыс келген соң басталды. Алдымен Алпамыс батыр тоз-тоз болып, иесіз қалған ел-жұртының басын қосты. Тентектерін тезге салып түзетті. Үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор болатын-тәртіп орнатты. Ол тәртібі ұрпақтан-ұрпаққа ауысар ғажайып дәстүр болып қалыптасты.
Ал атасы мен анасын боз биенің сүтіне шомылдырып, үлде мен бүлдеге орап, неше жылғы шеккен азабын көрген түстей етті. Байбөрі қайтадан таққа отырып, ел-жұртының қамын ойлар қария болды. Алпамыс батыр алыста қалған аяулы серігі Қаракөзайымды да, тәуекелшіл дарқан ер Кейқуатты да ұмытқан жоқ. Жьіл сайын екі рет ат ізін салып, адамға лайық асыл сезімге, аяулы ықыласқа бөленіп қайтып жүрді. Мұнан әрі Алпамыс батырдың жағы жамандық көрмегенін, ұзақ өмір сүріп, бақытты ғұмыр кешкенін ұрпақтары жақсы біледі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter