Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  165


Автор: Қалижан Бекхожин

Күлімдейді Рақым шал

Көк майсаның аңқиды қалай исі? —
Кенеле бір иіскеп қалайыншы.
Аунайыншы кілемдей көгалыма,
Қазотысын кеудеме қадайыншы.
Кенет бізге түйілді лаңшы тағы,
Ұзын сымдай, найзадай тамшылары,
Жауын жасақ, қап-қара қабағы бұлт,
Бейбіт жерді сабалап қамшылайды.
Мен қалыңмын серігім жұқа бірақ,
Паналайтын болсайшы бұта, құрақ.
Заңғар оба секілді бір маяға
Екеуміз де жүгірдік жылдамырақ.
Сел жұтқандай Ереймен сеңгірлері,
Көк мұнарлар жапандай селдіреді.
Төбемізде жарқылдап жасын атып,
Шартылдады аспанның зеңбірегі.
Қалың тобыр қолдай бір дүбірлеген,
Арасында әлдекім күбірлеген.
Рақым ата, қойларын қайыра сап,
Нажағайға қасқиып күлімдеген.
«Ей, кім бұл нөсерден бұқпалаған,
Кер кеудеңді жауынға, шық маядан!»—
Деп ақырды біздерге Рақым ата,
Көзін қадап аспанға бұлт қамаған.
— Бұл әтір ғой, тәйірі, жауын деген,
Жұт, жауынға сергісін қалың денең.
Жаңбыр сөз бе? Өзіміз қарысамыз
Қалың селмен, ақ қарлы дауылменен.
Екеумізді жауынға тік тұрғызып,
Өз басының сырларын кетті тізіп.
Құр қол қыста қасқырды соққандығып,
Сондай талай ерлігін өткен қызық,
Өзі таудай билеген сол даланы,
Нажағайдан қалайша қорғанады?
Ол сөйлеп тұр, ал менің мойыныма
Көлбақадай тамшылар жорғалады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу