Өлеңдер ✍️

  10.08.2021
  226


Автор: Дихан-Баба Әбілев

Қос қарлығаш

Сәуле, Шолпан Құрманғалиеваларға

1
Мені — папа,
Жұмашты — мамалаған,
Тумасаң да туғандай
Екі қызым.
Бірің Сәуле болғанда,
Бірің Шолпан,
Жүрегіңнен айналдым
Қос жұлдызым.
Тірілгендей
Фаридам, Атыланым,
Көңіл түсті-ау
Көңіл күй атырабым.
Қос тіземе
Қондырып екеуіңді,
Өлең-жырды
Қонаққа шақырамын.
Тудыңдар екен
Жанның қандайынан?!
Деймін де
Екеуінің маңдайынан
Кезек сүйіп
Арсаңдап әкелік жан
Шаштарын
Сипап қоям талдайым да.
— Бар ғой, бар
Туған папаң, туған мамаң,
Қызғанып
Жүрсе олар болар жаман?
— Қызғанбайды! —
Дейді Сәуле, дейді Шолпан, —
Екеуі де
Жандары жомарт адам.
Рас сондай
Жан екен жандары кең,
Жан екен
Өмір сырын талдай білген,
— Екінші папаң,
Мамаң құтты болсын,
Қарлығаш қанаттарын самғай білген!
Деп сүйіп
Маңдайынан қос қызының
Жолдады
Ақ жүректен достық үнін,
Екі шеше қатарласып
Екі әке, көтеріп
Тастайықшы тосты бүгін!
Бөленіп Жұмаш - мама
Жүзі нұрға,
Бәйек боп жүрегімен
Қос қызына,
Сәулеге сәукеле етіп
Күн сәулесін,
Шолпанның құлағына
Құлын сырға
Таққан күн
Жан тойымыз жазиралап,
Әніміз жеткен шығар
Бұлғын қырға!
Екі әке,
Екі шеше болдық солай,
Бұл өзі
Аңыз емес айтуға оңай.
Төртеуміздің: Сәулеміз,
Шолпанымыз, Алтаумызда
Бақытты соған орай.
Тауыңдай
Өр Алтайдың
Жаны биік,
Атқызбас
«Канды аңшыға»
Алғыр киік.
Қос қызым,
Қырын баспай, алып ұшпай,
Ержетті
Ақылына алтын түйіп.
Білімді екеуі де —
Жас педагог,
Сенемін:
Келешегі — бас педагог.
Орынсыз ырғаққа жоқ,
Қылтың-сылтың
Пәктіктен басқаға
Әмсе қас педагог.
Қандай жан
Бұл екеуін кемсінеді?
Қайдасың,
Махаббаттың елшілері?!
Көрейін
Қыздарыма жаның тең бе,
Арың тең бе,
Аршын жас, келші бері!
Қыздарым,
Сәуле, Шолпан сәулештерім,
Бар болса
Жасырмаңдар
«Әу» дескенің!
Алтайдың, Ақсуаттың
Қос маралы,
Айтыңдар,
Жүректегі «сыр кестең» кім?
Өстіңдер
Секілді алтын ар қазығы,
Махаббат
Адамзатқа жан азығы,
Кезінде тұрмыс құрмай
Қалған қыз — сор,
Ондайға
Махаббаттың не жазығы?
— Жоқ, папа, —
Деді Шолпан, деді Сәуле: -
Сүйдім, күйдім
Дегенге болып әуре
Арымызды тонату
Тірі өлім ғой...
«Дәумін»деп
Алдап соққыш әсіре «дәу еге».
Асықпаймыз
Беріктік сырын білмей,
Жүрегінің ішіне
Бойлап кірмей,
Сүзіп шықпай
Махаббат тазалығын,
Шешілмейміз
Мінезге мінез сіңбей.
Дұрыс-ақ-ау,
Қарғаштар, болжамдарың,
Шошаң қыз —
Шошаң жігіт «олжалары».
Талғамдарың ұнайды,
Екі қарғам,
«Көп отырып» қалмаңдар сондадағы.
Тумаса да
Туғандай екі қызым,
Шаштары емес,
Ақ жанды ақылы ұзын,
«Папа, мама!» — деп
Үйге кіріп келсе-ақ,
Жанарымда
Жайнайды жан жұлдызым.
Болады ақылшым да,
Тыңдаушымда.
Бәйек боп
Тұрғызбасқа қырау шыңға.
Намысымды көреді
Өз намысы,
Папамызды керек, — деп,—
Сынау шында!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу