Өлеңдер ✍️
Сарқылу білмес Ертістей
Қалижан Бекхожинге
Тонды бұрын тоздырған,
Жасымды несін сатайын.
Жетпісіңе бұл жырды,
Ақ жамбы етіп атайын!
Салютім болсын бұл менің,
Жұлдыздай шоқ-шоқ жарқылы
Сәлемім болсын ғасырға,
Қазақ жыры арқылы.
Тумайды ешкім туғанда
Батыр боп, не классик.
Өлең-жырдан басталған
Мені мен сенде құрдастық.
Тарпаңдаған қаламмен
Талпына жортып сырластық.
Тереңге жырды тоғытып,
Алыстардан сыр аштық.
Талмаушы едік сонда біз
Айға самғар қанаттай.
Сан бұлбұл боп жазды-күз
Сайраушы едік таң атпай!
Серілік те құрдық біз,
Сергек жортып сайғақтай,
Қайтпаушы едік біріміз,
Жұлдыздар сөніп, ай батпай.
Қуанышты, қайғыны
Қылдай ортақ бөлістік.
Туар жырдың қай күні, —
Өрнегін бірге өрістік!
Қалтқысыз айтып қам сандық,
Болса бір жырда кемістік.
Жақсы өлең үшін дос жүрек,
Ащы да сынға көністік.
Адал сынмен келістік,
Арам сынмен керістік.
Өтірікпен сайыстық, —
Салғыластық, тебістік!
Өлеңді қатар өрбіттік,
Жарысып та жекелеп.
Түптен шауып дуламай,
Көргеміз жоқ «төтелеп».
Жағынуды білмедік
Біреуді жалған «көкелеп»,
Ғашығымыз — сұлу жыр,
Тағдыр қосқан некелеп.
Жас қайрат едік, қайранда
Күресте өстік, өртте өстік.
Кешегі қанды майданда,
Екеуміз де от кештік.
Жүректей жомарт күн жатқан,
Уақыт саған ырзамыз!
Алуға да өмірден,
Беруге де мырзамыз.
Жезтаңдай ақын от жігер
Жетпісіңде де көктедің:
Жамандық көрмей жасай бер,
Алысшыл алғыр өктем үн!
Кең даланың төсінде
Кең тынысты халықтың
Жыр теңізін кешуде,
Хақың бар бүгін айтуға:
«Өзім де мен бір тарихпын!»
Сапырып аққан тау-тасты,
Сарқылу білмес Ертістей:
Самғай бер Тарлан ақын дос,
Аққаптал жырдан ер түспей.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter