Туындылар ✍️
Отбасылық құндылықтарымыз
Қоғамның негізін қалаушы құрылым — отбасы. Отбасы қаншалықты күшті болса, онда өсіп жетілген балалардың құрайтын қоғам да денді, қуатты болады. Отбасы өзара құрмет, махаббат мекені деген сөз. Бір-біріне құрметі жоқ жанұялар мен отбасылық құрылымын жоғалтқан қоғамдар күйзеліс ішінде өмір сүреді. Қазіргі таңда ажырасулар көбейіп жатқандығы соншалық «Ажырасу үшін үйленіп жатыр ма?» деген ой келеді. Егер арада бала бар болса, ажырасудың зияны одан да арта түседі. Жанжалы көп жанұяда мейірімнен махрұм өскен ұрпақ келешектің рухани індеттілері ретінде бой көтереді. Осылайша адамзат өз келешегіне балта шабады. Ал өзара құрмет, мейірім ішінде өскен бала жақсылыққа бейім болып өседі. Біздің дәстүрлі отбасымыз онсыз да мейірім, өзара құрмет, махаббат негізінде құралған. Отбасыда әркімнің орны қандай, кімнің міндеті қандай, кімнің қай жерде отыратыны, кімнің жолы үлкен, бәрі орныққан.
Түркі халықтары, жалпы мұсылман халықтарының тарих бойынша өркендеуіне, ал қиын кезеңдерде жойылып кетпеуіне себепші болған маңызды факторлардың бірі — дәстүрлі отбасылық құрылымы. Бізді біз етіп ұстап тұрған күш — отбасыдан алған тәрбие, отбасымызға берген қадір қасиет, махаббат, отбасы бірлігі болды. Рухани құндылықтарына ие нағыз жанұяны ешкім тізе бүктіре алмайды. Өмір ағысында алдарынан не шықса да, ол жанұя бүкіл қиындықтарға бірге төтеп береді, тіпті шыңдалып, одан да күшейіп артынша келетін көркемдіктерімен, қуаныштарымен де бөліседі. Өмірді мәнді ететін де осы емес пе, бөлісу... Ащыны да, тұщыны да, жоқтықты да, молдықты да... Алайда бұл дәрежеге жету үшін мол сабыр және ерен еңбек керек. Еңбексіз ештеңе өнбейді.
Ананың бала-шағасына жасаған дұға-тілектері баланы қорғаштап жүреді. Баланың ата-анасын разы етуі, қуантуы оған Жаратқанның құт-береке есіктерін ашады. Үлкендерді ренжіту жұмыстардың жүрмеуіне, келеңсіздіктерге себеп болады. Біз мұсылман халықтары ретінде мұны жақсы білеміз. Осы негіздерді ұстанып, осы негіздерді сезініп өстік.
Соңғы кездері қоғам ретінде рухани құндылықтарымыздан алыстап жатқандығымыз байқалуда. Есірткі тәуелділігі, маскүнемдік, құмар ойындары, зорлық-зомбылық, әйелді жәбірлеу секілді озбырлықтар белең алуда. Бұрындары бұл індет Еуропа елдерінде көп деп білуші едік. Қазір осы қауіп бізге де төніп тұр. Бүгін Еуропа елдері күшті экономикалық жағдайына қарамастан қоғамының егде жастағылары көбейіп, жастарының үйленгісі, отбасы құрғысы келмейтіні, дүниеге бала әкелуді қаламайтыны жиі айтылып келеді. Себебі — рухани құндылықтардан жұрдай, өзін жоғалтқан адамдар қатарының артуында. Көбі рухани күйзеліс ішінде, өзіне қол жұмсаудың қарсаңында, арақ немесе есірткі тәуелділігі ішінде...
Біз де солар секілді болуымыз керек пе?! Бәріміз оянуымыз қажет. Бүгін отбасы құндылықтарымыз үлкен қауіпте. Жаһанданып жатқан дүниеде қоғам ретінде «заманауи» деген ұранмен ұсынылып жатқан әдепке жат қасиеттерді сіңіріп, ақырын-ақырын түп тамырымыздағы құндылықтарымызды жоғалтып келеміз. Бұған жол бермейік! Маскүнемдік, есірткі, ұрлық, зорлық-зомбылық секілді барлық жамандықтардың түбі — негізінде отбасылық құндылықтардың бұзылуынан бастау алады. Бұл ақау дұрысталмайынша қаншама шырылдасақ та, қаншама ұрандатсақ та нәтиже өзгере қоймайды. Ұмытпайық, отбасы күшті болса, адам да, қоғам да күшті болады. Отбасылық құндылықтарымызға бекем болмасақ, келеңсіздіктер шешілмейді. Шешім — отбасылық құндылықтарымызды сақтап қалу.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter