Өлеңдер ✍️
Туған жер
Атыңды жаттап өскен жастан адам,
Туған жер, ыстықсың-ау басқалардан.
Өзiңнен сәл биiктi көрсем болды,
Өлеңмен әр төбеңе тас қалағам.
Жырлапты аталарым – “тауым биiк”
(Тұрмай ма биiк тауда жауын құйып)
Тұмсадай емiренген ботасына,
Кетемiн мен ерекше ауылда иiп.
Ауылда туған едiм сан ырымды,
Сағындым қаусырма атты қамырыңды.
Тереңге кеткем бойлап, көктеп шығам,
Шапса да мың бiр рет тамырымды…
Көз жетпес шексiз дала төңiрегi,
Маңғыстау ғажап сырлы өңiр едi.
Қырдағы “Қыземшектiң” төбелерi
Биiк боп бар биiктен көрiнедi.
Басқалар берсе пейiл зордан маған,
Мен сенен арқа сүйер қорған табам.
Сағынам домалақ бас кесiрткесiн,
Ой-қырда балалығым ордаңдаған.
Көрдiм ғой қиын күнде шарапатың,
Қымбат боп күннен күнге барады атың.
Өзегi өлеңiмнiң өзiң өңкей,
Ауылым, тамырымсың нәр алатын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter