Өлеңдер ✍️
Табалдырық
– Мәтеке, көптi көрдiңiз. Отпан шоқысынан да биiк жер бар ма? – деп сұрапты Жары Мәтжан атанған Маңғыстау өңiрiнiң бiр шешенiнен.
– Бар ғой, – дептi сонда Мәтекең, – кiрер үйiңнiң алдында ұятты болсаң – сол үйдiң табалдырығы бәрiнен де биiк…
Керегенiң бастарын, уықтардың,
Шеңбер қылып, әдемi тұйықтадың.
Табалдырық, маңдайша бiрiктiрiп,
Үй қылады, бiр жерге жиып бәрiн.
Ақ ниеттiң ұясы, адамшылық
(Кетпесiн деп үстiне арам кiрiп)
Қасиетке суарып, жасатыпты
Киiз үйге кәдiмгi табалдырық.
Ата үйiне аттаймын жаным кiрiп,
Менi қойған салт-ғұрпым табындырып.
Әдет бiлмес обалың тап өзiңе,
Көбiнесе жатасың “санынды ұрып”.
…Қасиетi кетпеген табалдырық,
Келе жатса жат ниет арам кiрiп,
Көтерiлiп кетедi, сүрiндiрiп,
Әшкереге айналар харам қылық…
Аңыз өмiр арқауы бiлгендерге,
Жан сүйсiнер табынып жүргендерге.
Қасиет те құдiрет қалмақ емес
Өз күшiгi өзiне үрген жерде.
Табалдырық – қастерлеп жарықтықты,
Даттатпайды, бастырмай халық тiптi.
Қатер туса, құтқарар асылдарын –
Шаңырақпен бiрге оны алып шықты.
Қисық жүрсең, есiктен қырын кiрiп.
Табалдырық жiберсе сүрiндiрiп –
Жерге аунатып алады, алдың сабақ,
Ғұрпымызың тағы да бiрiн бiлiп.
Оң аяқпен кiргiзер келiндердi,
Табалдырық аттады, төрiн көрдi.
“Кiсi екен” деп ат тақпас тырысқанмен,
Ата салтын сақтауға ерiнгендi.
Қасиетке табыну - адал қылық,
Қиын жерден қайтарсың аман жүрiп.
“Табалдырық аттаған” күтер сенi,
Және тағы табжылмай табалдырық…
… Атам, анам, елiмнiң шешенiнiң
Аңыз алып жетедi кешегi үнiн.
Сол аңызбен ұлт болып, сақтар түрiн,
Сол аңызбен қазақ боп өсер iнiм…
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter