Өлеңдер ✍️

  28.07.2021
  125


Автор: Сырбай Мәуленов

Рустави

Жанар таудай жатқан жонда атылып,
Жалынымен бұлттарды айдап сапырып,
Гудогімен ащы даусы жер жарып,
Рустави алды мені шақырып.
Рустави қарағанда басқаға,
Грузияда жаңа туған жас қала.
Рустави — Грузияның сауыты,
Рустави — көк темірге астана.
Домна пеші тау-шойынды қылғытып,
Шомылдырып от ішінде сүңгітіп,
Ағызады қызыл-жасыл өзен қып,
Гүрілдейді сонда оған тіл бітіп.
Астауменен асау толқын жүгіріп,
Прокаттың саусағына ілігіп,
Ұшып жатыр бөлшек-бөлшек бөлініп,
Баяғы оты бойындағы суынып.
Отпен мұнда қарсы алады таңды жұрт,
Келешек боп оралады жаңғырық,
Рустави Руставели секілді,
От ақыны жанатұғын мәңгілік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу