Өлеңдер ✍️

  28.07.2021
  149


Автор: Сырбай Мәуленов

Дауыл сұңқары

(Горький туралы)
Қара бұлттарды жарып,
Қара топандай ағып,
Дүниені шайып бір өткен.
Қап-қара найзалардай,
Қап-қара найзағайлардай
Жүзі дір еткен.
Күнмен бір күйініп,
Күңіренген кекті үні.
Кесек-кесек бұлттарды үйіріп,
Еңсерген екпіні.
Бір биік шығандап,
Бір төмен ағындап,
Қиқу сап ұрандап,
Бұрқ етіп жалындап,
Жұлдыздай аққан
Ойнатып от күшін.
Қанатымен қаққан
Толқынның топшысын.
Дауылды шақырып
Бұлт бойлап тік тұрған,
Жауызды жапырып
Жартасқа бұқтырған
Революция жыр-әні,
Азаттық іңкәрі,
Атой сап жүр әлі
Дауылдың сұңқары.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу