Өлеңдер ✍️
Қызыл жалау
(Баллада)
Ленин жолды сілтеп азат, жарқын,
Бастады ұлы айқасқа қазақ халқын.
Ерттеліп кермедегі қазан аттар,
Аттанды ұлы айқасқа азаматтар.
Бұлт біткен найзағаймен қаруланып,
Жарқылдап аспан тұрды дабыл қағып.
Қанжардай көтеріліп тал-қарағай,
Қалқандай жалт-жұлт етіп жанады ай.
Арындап аты атылып жоғарыға,
Келеді Аманкелді қол алдында.
Екі жақ сең сияқты сапырылып
Торғайдың тоқайласты торабында.
Секілді жер үстінде адам бұлт,
Айқасты арам пиғыл,
адал үміт.
Айқасты жақсылық пен жаманшылық,
Айқасты жарық пенен қараңғылық.
Сойылдар сарт-сұрт етіп соққыласып,
Гүрсілдеп винтовкалар оқты шашып,
Толқындай атқып шыққан арнасынан
Көк түтін майдан жерін кетті басып.
Үстінде оттай ойнап Шайқасқаның,
Сілтейді Аманкелді алдаспанын.
Ағады қан майдакда ерсіл-қарсыл,
Торғайдың тоғытады шаңға аспанын.
Біресе аттың қонып сауырына,
Біресе аттың кіріп бауырына,
Біресе етпеттеп ат жалын құшып,
Қырандай жүр жауына ағып түсіп.
Бір кезде қаңғырған оқ зуыл қағып,
Батырдың оң қолына тиді барып.
Көтерді қызыл тудай батыр сонда
Өңірін жейдесінің жұлып алып.
Қара түн аспанында жүзіп алау,
Ойран болып ордасы бұзылды жау...
Сол еді қырда тұңғыш көтерілген,
Батырдың қаныменен қызыл жалау.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter