Өлеңдер ✍️

  28.07.2021
  128


Автор: Сырбай Мәуленов

Суворов ескерткіші туралы баллада

Ленинградқа жау жақындап төнгенде,
Жыртылғанда жарқылымен түн оқтың,
Түсірілді жер астына
Өр кеуде
Арыстандар, қара аттары Клодтың.
Түсірілді жер астына біртіндеп:
Жұмбақ тастар, періштелер, патшалар.
Тұрды жаудың зеңбірегі зіркілдеп,
Қалған емес енді одан басқа амал.
Талас болды бір ескерткіш жөнінде:
— Тұрсын, - деді ел,— өзі тұрған жерінде.
— Ер Суворов майдандарда жеңіліп,
Жаудан ығып көрген емес тегінде...
Тағы оған тапсырғандай тағдырды,
Соныменен Суворовты қалдырды.
Зеңбірекпен байлап атып фашистер
Нысанаға көктен бомба жаудырды.
Қолында ойнап жарқылдаған қылышы,
Суворовтың тарылған жоқ тынысы.
Медет беріп көтерді ел рухын
Тұғырында тапжылмастан тұрысы.
Төрт жыл бойы ала алмады жауған оқ
Төрт жол бойы ала алмады жанған от,
Төрт жыл бойы төңкерем деп фашистер,
Төрт жыл бойы күшін аяп қалған жоқ.
Тірісіндей жаңғырықты ар, атақ,
Кетті халық қасиетті баба атап,
Бір ғажабы, төрт жыл оқты кешсе де,
Денесіне түспепті бір жарақат.
Өткен ұлы жеңістердің жол басы,
Жиырмасыншы ғасырдың да жолдасы.
Баяғыша қолына ұстап қылышын,
Баяғыша тұр тұғырда қолбасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу