file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  28.07.2021
  148


Автор: Сырбай Мәуленов

Шипа бұлақ

(Баллада)
Мылтық даусы шайқады таңды тұнық,
Айнала тау жөнелді жаңғырығып.
Ет қызумен жарасын абайламай
Жаутаң қағып ақ марал қалды тұрып.
Шыдам етіп шығармай ол дыбысын,
Жинап алып жөнелді соңғы күшін.
Жаралы аяқ көнбейді дегеніне
Барады өртеп осы бір қорлық ішін.
Қайда күні еркіндеп есетұғын,
Тау-тас зырлап дөңгелеп көшетұғын,
Күн көзінен шашырап түскен шаңдай
Бір көрініп қарасы өшетұғын.
Қайда күні желменен таласатын,
Қара тер боп жылда бір таң асатын,
Қиқулаған қуғыншы жолда қалып,
Шаң астында шалдығып адасатын.
Барады өшіп маңдайда жанған шырақ,
Домалады күш кетіп таудан құлап.
Бір тұманның күмп етті ішіне кеп,
Кездесті ме кім білсін арман бұлақ.
Қанша жатты білмеді ол су ішінде,
Жатты әйтеуір жаны бар тірі сүлде.
Қимылдайды аяғы... я солай
Болушы еді көзінің «тірісінде».
Шипа суы өн бойын шымырлатып,
Марал қунап бұлақтан тұрды атып.
Енді аяғы келгендей оңтайына
Орнағандай басына бүгін бақыт.
...Сол секілді бар талшық— жалғыз үнем,
Аңшы келді аптығып қан ізімен.
Ақ тиындай ақ марал зырлап берді,
Қайта өзінің табысып тау құзымен.
Көзбен атып Алтайдың қырат шыңын,
Бастан алып елтірі құлақшынын:
— Не хикмет, болды,— деп аңшы байғұс
Ұрттап жатты еңкейіп бұлақ суын.
* * *
Алтай жатыр
Тамызып шырағын
Мен үшін.
Алтай жатыр
Ағызып бұлағын
Мен үшін.
Алтай, Алтай қанша жыл күтті арманың,
Қарай-қарай талды көзі
Орнағанда теңізі Бұқтарманың
От болып жанды өзі.
Мөлдір төсін тұрсың деп сүйіп көктің,
Өз қолымнан Алтайды биіктеттім.
Ұмытпайды ол от-суға тапшы күнін,
Ұмытпайды адамның жақсылығын.
* * *
Сәулелер күннің жолындай
Табысар түсте жерменен.
Ал таулар жердің қолындай
Құлашын күнге сермеген.
Ұшырар бұлақ әр құздан
Шашылып қалған күлкідей.
Алдыңнан жолдар андыздар
Алтайы қызыл түлкідей.
Күн көзі өрт боп талаурап,
Бір кезде құлар екінді.
Жол ашар қайың алаулап,
Светофорлар секілді.
Алтайда жанар алаулар
Қашырып түннің ұйқысын.
Көңілді сұлу ән аулар,
Ұшырар көкке күй құсын.
От болып жүзіп түн іші
Қарар бір күндей көзбенен.
Геологтар таңды бірінші
Қарсы алар бұрын өзгеден.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу