Өлеңдер ✍️

  28.07.2021
  107


Автор: Сырбай Мәуленов

Есек

Қалдырам деп дәмеленіп мықты атты,
Ертеде есек ұзақ жолға жүк тартты...
Одан кейін машиналар қаптады,—
Бірақ есек пенсияға шықпапты,—
Баяғы сол тойымы жоқ аш құлқы,
Баяғы сол өзгермейтін тас ғұрпы.
Баяғыша митыңдап ол келеді,
Мәңгілікке бар секілді паспорты.
Оңтүстіктің отты күні күйдіріп,
Жүргізбейді құйын салып қиғылық,
Қауын артып қайран есек келеді,
Өзге жұртқа жасаймын деп игілік.
Оған пайда түсірсе де кесектеп,
Иесі оны қарайды тек есек деп.
Отырады шаң астында сәудегер,
Тиындарын қайта-қайта есептеп.
Шарлады есек бұл өлкенің қиырын,
Иесі оның шығарған жоқ бүйірін.
Олжама ортақ бола ма деп ол қайта
Есектен де жасырады тиынын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу