Өлеңдер ✍️
Күдік
(Бұл өлең 1972 жылы белгілі бір себепке байланысты жазылған еді, жоғалтып алғамын. Мынау — есіме түскен шумақтар).
Кім біледі,
кездейсоқта жат құшаққа кеп кіріп,
Көз жасынды әлдекімнің от-деміне кептіріп,
Мені құшқан ақ білектер айқасып-ақ басқамен,
Үлбіреген ақ тамақтан жатырмысың өптіріп!
Солқылдаған сымдай мүсін суып барып,
тағы ысып,
От құшақтар ауық-ауық айқасып-ақ қалысып.
Сүйкімді иек,
сүйір тілді түгел беріп басқаға,
Жатырқамай жаттың ба екен жат денеге жабысып.
Қобыраған қолаң шашқа жасырынып ақ маңдай,
Жанып-күйіп,
жаның иіп,
тәтті рахат тапқандай.
Таңға дейін дем үзіле тар төсекте талықсып,
Балқыдың ба
баяғы бір мені құшып жатқандай!
Осы күдік-қызғаныштан-жүз бөлініп ой мүлде,
Таңға дейін көзімді ілмей жүріп алам кейбірде
алма мойын,
аршын төстен аймалатып басқаға,
жат біреудің құшағында жатыр ма екен деймін де!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter