Өлеңдер ✍️

  26.07.2021
  241


Автор: Сәкен Иманасов

Десеңші енді бірдеңе

Десеңші енді бірдеңе...
жап қала ма бұққанмен,
шыдай-шыдай шындықтың ыңыршағы шықты әбден.
Ырду-дырду айнала,
ұры-қары...
Ұлтанқұл
ұлттың өзін бұл күнде руынан тұтқан кем.
Асқына кеп көнбейтін халге жеткен дерті емге,
сеңдей ғана соғылды ел
сенімі жоқ ертеңге.
Жынданбай-ақ отырып күй кешесің дел-сал бір,
әзірейіл төніп кеп тұрғандай-ақ желкеңде.
Ақын да жоқ
ақыра есе-теңдік сұрайтын.
батыр да жоқ
батыра бағыт сілтер бір айқын.
Аға да жоқ ұмтылар,
жаға да жоқ жыртылар,
бұдан әрі, шын айтам, шама да жоқ шыдайтын...
Айға білеп азуын,
ар-намысын қайрап ер,
күн туар ма: "кешегі кісілігім қайда?" — дер,
оған дейін, осылай үрей бар да, үміт жоқ,
өлеміз бе?
Қайтеміз,
көнеміз де, қайран ел!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу