Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
23.07.2021
160
Бұлақ басында
Егілгеннен енді кеп,
не шығады, балбұлақ?—
Ағаш басы селдіреп,
қаңырап-ақ қалды бақ.
Былдыр-былдыр еткенмен,
балғын денең мұздай ма?—
Қыдырыстап көп келген
құба талдай қыз қайда?
Жатпаған соң шұбап із,
жадырамай тұрды өңір,
қайда кеткен
құба қыз
қарап қойып жүрген ұл?
Сенен алған әсерін
тауысатын күй айтып,
қайда кеткен жас өмір
төңірегін мұңайтып?
Мөлдіреген көзінде
тұнып қана тастарың,
енді бүгін
өзіңде
ұмыт қала бастадың.
Басылды ма күркірің,
жабырқамай,
жайлап ақ,—
Тағдыр деген шіркінің
кейде осылай тайғанақ.
Егілсем де күндікке,
ем болмады тыңдап ән,
Тұрлауы жоқ тірлікте
кімнің сағы сынбаған!
Тарылам деп өріс тұр,
жасы мейлің,
жасыма,
құбақан қыз,
келісті ұл
келмей кетті басыңа.
Егілгеннен енді кеп,
не шығады, балбұлақ,
бұта басы селдіреп,
бұйығьш-ақ қалды бақ!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter