Өлеңдер ✍️
Қас қағым сәт
Тәж кигендей, күндерім, түнім шекер,
«Күнім» дедім. Сонан соң дірілдедім.
Жақындадым, болды ма мұным бекер.
Мықты намыс майысып, сүрінгенім.
«Күнім» дедім, сен сұлу күлімдедің,
Өртеп демің ерірдей шаққа тұрдым.
Дірілдедім, дірілім білінбеді.
Құмарлықты басқаша жаққа бұрдым.
Күлімдедің өйткені мұңдарың жоқ,
Саған өңкей күлкілер сыбырлады.
Айтарым көп, онда да тыңдарым көп.
Шамасы жоқ еріндер қыбырлады.
Өртеп демің, өзің де күйіп қалып,
Тұла бойда түк қалмай тағаттардан,
Сағыныштар тарқамай, тұйықталып,
Босағасын үміттің бақ аттаған.
Жақындадым, қос жанар шырақ сынды,
Жайлағандай жұпар нұр айналаны.
Мұң ордасы Париждей жырақ тұрды,
Шұғыласы шырынның аймалады.
Аймалады күзгі жел ол да алдай,
Мойнын созып ағаштың еркелері.
Баянды бақ жеткейсің жолда қалмай,
Қайғылардың қиылып желкелері.
Бас айналып, балбырап өртеуде үні,
Сөздер салақ тізіліп сасқан айтар.
Күтулерге қор болған өр кеудені,
Ерітеді сезімдер тас қайнатар.
Қап-қара түн, көк төгіп ұлпа қарды,
Ақ қарменен айтылып ашықтығы.
Бір-ақ сәтте жоғалып кете барды.
Жылдар салған араның қашықтығы...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter