Өлеңдер ✍️
Қимас көңіл
Фәниден бақиға көшкен дарынды дәрігер, күйші досым Сағынгерей Әбілхайыровтың рухына бағыштаймын.
Өзіңді жүруші едім таудай көріп,
Жатырсың, қайран досым, нардай шөгіп.
Жолыңа қансонар боп төселсемщі,
Пейілді қаңтардағы қардай төгіп.
Дер шағың қалып қойды-ау кеше күнде,
Бұл кезде сол өтімді, есе кімде.
Сездіріп соның бәрін жатыр кейпің,
Айта алмай, дөңбекшисің төсегіңде.
Фәнидің қызығында ісі қалмай,
Ретің жоқ еді ғой қысылардай.
Бір нәрсе айтқың келіп ұмсынасың,
Отырмын сөздеріңді түсіне алмай.
Көрдім де сартап ауру қаусатқанын,
Ішімнен тағдырыңа дay сақтадым.
Бұтақтай күнге күйген арса-арса,
Жүйіткіген домбырада саусақтарың.
О, жалған тарылмашы, тарылмашы,
Бейнетпен өтер жанның жарым жасы.
Бейнеттің зейнеті де болмай ма екен,
Бақыттың қонақтап бір қарлығашы.
Бұл дүние тap екен ғой, кең деп едім,
Теріс боп шыға келер, жөн дегенің.
Талайдың жанын сақтап қалғаныңда,
Өзіңді өзің неге емдемедің?
Шақырып жастық шақтың жасыл бағы,
Жандарға шуақ төктің қасыңдағы...
Болған жоқ бір күнгідей, кетті-ау өтіп,
Бұл жалған мейірімсіз тасырдағы.
Ұрпағы ең Бесбатырдай тектілердің,
Ауруға дec берместей өткір едің.
Үйіңнен таңмен талас аттанарда,
«Жаратқан жар бола гөр» деп тіледім!
Жаратқан жар болмады, сақтамады,
Бәрінен басым түсті хош талабы.
Үміттің нәзік отын кетті таптап,
Ажалдың арқыраған ақтабаны.
Жан-жақтан жататынбыз жамырап бір,
Жүректің түпкірінен әмір aп кіл.
Шын достар сырларының куәсі еді,
Өз бөлмең енді қазір қаңырап тұр.
Тағдырдың жолы тура сызылмайды,
Тәртібі фәни-бақи бұзылмайды.
Сездіріп мұңды арманын, тұл қалғанын,
Домбыраң өз-өзінен ызыңдайды!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter