Өлеңдер ✍️
Қара сиыр
Соғыс сұмдық түтеп тұрған кез еді,
Шаттық семіп, қайғы деген тез өніп...
Біздің де әкей кетті қанды майданға,
Зұлым жауға кек қаруын кезеніп.
Әке сері - көмейінде әні бар,
Дейді екен: "Малды қойшы, табылар ".
Мал дегенде, қара сиыр болды бір,
Ауламыздан өрген жалғыз жануар.
Жазда өрістен мақ-маң басып келетін,
Қыста ықта шөп-шаламды теретін.
Сол жылдары қоңы болмай жүрсе де,
Бір сауғанда, бір шелек сүт беретін.
Қуырды ғой, қуырды ғой апшыны,
Соғыспенен қатар келген тапшылық.
Бір қасық сүт бір күнге өмір ұзартты,
Жалғаны жоқ - мұның бәрі нақ шыным.
Жұмыста ана тесік өкпе, құс табан,
Тағдыр сыны жан-жағынан қыстаған.
Ұзақты күн үйде оңаша қаламыз,
Үйемелі-сүйемелі үш бала.
Күрп-күрп еткен сүттің қандай ағысы!
Кіп-кішкентай саусақтары қарысып,
Отыратын он бір жасар әпкеміз,
Қара сиыр бауырына жабысып.
Жүрді әкенің жоқтығы өте білініп,
(Келеді деп күбірлейді бір үміт...)
Біздің өмір бейбіт күнге жетті ғой,
Қара сиыр желініне ілініп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter