Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
14.07.2021
152
Қайрау
Жетті енді!
Дүр сілкінер келді кезім,
Сенімнің сілтейінші жез күрегін.
Біреуден тілеп жүріп от алам ба,
Тұрғанда өз кеудемде өз жүрегім..
Жылғадай жылт-жылт етіп, зордан аққан,
Қашанғы жүремін мен қорғалақтап.
Сайрап бір, шарықтап бір кетер шақта,
Бұлбұлдай күмілжідім торда баққан.
Ырзамын мына нұрлы заманға да,
Ырзамын сөз түсінер адамға да.
Ұлы Абай өкінішпен кетті өтіп,
Ақылын тыңдата алмай надандарға.
Қайда да көрген жоқпын салқын қабақ,
Аға-іні қарсы алады жарқылдап-ақ.
Мен енді жіберейін аттың басын,
Жырымды отырғанда халық қалап!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter