Өлеңдер ✍️

  14.07.2021
  196


Автор: Айтқали Нәріков‎

Жұмбақ жас

«Жаман қой ісегінде қартаяды,
Шымқұдық қас қағымда ортаяды.
Аруды алақанда ұстамаса,
Жиырмада алма беттен әр таяды».
Осылай мақалдайтын бір атамыз,
(Біз оның нақыл сөзін ұнатамыз).
Өзгенің кекселігін бірден байқап,
Жаспыз деп өзімізді жұбатамыз.
Сөзінде қариянық шындық басым,
Айтыпты сырды ұққасын, мұңды ұққасын.
Біреулер жанған отқа қарсы барса,
Біреулер бәрін құптар шұлғып басын.
Әр адам өзіне тән ғұмыр кешіп,
Қалайды бақытының ұлы іргесін.
Қонады ұл ұяға, қыз қияға,
Осылай ұзатамыз өмір көшін.
Сыры бай, жастық шақтың сыны керім,
Бітпестей көріп оны жүріп едім.
Бетіне келіндердің әжім түсіп,
Бозбас боп бара жатыр інілерім.
Уақыт жүрмес біздің ырықпенен,
Мен оның құпиясын біліп келем.
Жиырма бес, отыз бесім, хош бол енді,
Келіп тұр сыры жұмбақ қырық деген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу