Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
13.07.2021
211
Автопортрет
Болды кезім әр нәрсеге еліккен...
Енді қазір жас емеспін желіккен.
Қайда барсам, өзіме шақ орным бар,
Несібемді жеп келемін теріп мен.
Үлкен болып кішілікке төздім көп,
Сондықтан да тез солмаймын, тез гүлдеп.
Күмбірлейді көкірегімде қоңыр күй,
Талпынбадым қатарымнан озғым кеп.
Біреулерде басым болар пенделік,
Пенделікті тұрар бірден ел көріп.
Қара бастық қамын күйттей бергенше,
Кеткен жақсы біржолата жерге еніп.
Көпке іні және көпке ағамын,
Келер кезі берілетін бағаның...
Жаман болсам, жетер жерім белгілі,
Жақсы болсам, жақсылықты табамын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter