Өлеңдер ✍️
Қайшыбай жездеммен әзіл
Қайшекемнің көрік үйі бар еді,
Құрқылтайдың ұясындай тар еді.
Жем өзені баяу ғана ағатын,
Арғы беті жазықтау,
Бергі беті жар еді.
Ойнайтынбыз жар басында топ бала,
Бірге жүріп барлық қиын шақта да.
Таласып кеп басқан кезде көрікті,
Қара көмір жанатын-ды шоқтана...
Heгe олай істегенімді білмеймін, мектеп директоры Құрманғали ағай беретін тарих сабағынан шыққаннан кейін үйге келіп көрік баса отырып, Қайшыбай жездеммен әзілдескім келді...
Тұрысын да, жүрісін де сынай кеп,
Айттым оған былай деп:
– Ескіліктің қалдығысыз жездеке,
Құрманғали ағай айтты: «Құдай жоқ».
Жинап алып жылға жетер азықты,
Мұхаммедің бұл Құранды
Шыңырауда жазыпты, –
Деген едім.
Ақтарыла көңіл сана бұлағы,
Жездем сонда ағыл-тегіл жылады.
Жылады да өзіне-өзі күбірлеп:
– Ұрпағым-ай,
Ұрпағым-ай адасқан,
Ешкім де жоқ пікіріммен санасқан.
Құдайсыздар бағы жанып бүгінде,
Ал біздерге төніп-ақ тұр қара аспан.
Қарағым-ай,
Қарағым-ай,
Қарағым,
Кінәлі оған заманың.
Жоқ қой менің оған істер амалым.
Кешір Алла, кешіре гөр мейірімді,
Білместігін баланың...
Дәл осылай жалбарынды жездем болса мен үшін,
Тарылмауға болашақта өрісім.
Жылағанын көріп қарттың еңкілдеп,
Деп түсіндім:
«Жеңісім бұл,
Жеңісім».
...Ол оқиға ұмытылды, қиырларға ұштым мен,
Талай дауға, қиындыққа түстім мен.
Жатты айтылып қисынды да, қисынсыз,
Өсек-аяң үстімнен.
Бірақ, бірақ өмір-көштен қалмадым,
Орындалды көп-көп жақсы арманым.
Мұның бәрі маған, маған оң көзі,
Түскендігі Алланың.
Айта алмаймын қатал тағдыр кесімін,
Және ешкімге тигізбедім кесірім.
Шүкірмін ғой, үбірлі де шүбірлі,
Сұрағаны арқасында Алладан,
Менің үшін асыл жездем кешірім.
Құлыңыздың балаң кезгі білместігін кешір, Алла!
13.10.2010 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter