Өлеңдер ✍️
Пушкиннің жазылмаған романы
Пушкин — қайнар, шымырлап жыр ағады,
Құпиясы мол ашылмақ бірақ, әлі.
Соның бірі «Қозы мен Баян сұлу», —
Жазам деп жаза алмаған романы.
Осы жырға... (жалғармыз үзікті әлі),
Ұлы ақынның тегін бе қызыққаны.
Әлем жаттар тумақшы ед жыр шырыны,
Мерт етпесе бір жауыз бұзық қаны,
Қатпар-қатпар дәуірдің сыры неткен,
(Кім құтылар осы бір құдіреттен).
Мезгілінде кезікті «Баян қызға»,
Пугачевтің жолымен жүріп өткен.
Орын алмақ әдебиет нақ төрінен,
Риза боп сапарлы сәттерінен.
Махаббат — жыр, қылыш — жыр түсіп жатты.
Александр Сергеевич дәптеріне.
Талант — қанжар шығады жарып бойды,
Үлгертпеді бұл ғұмыр (налытты ойды).
«Емельян Пугачеві» атой салды,
«Баян сұлу» дәптерде қалып қойды,
Пушкиннің сол жазылмақ романы,
(Қол тимеген одан соң бірақ әлі).
Пушкин тектес бір орыс ақынынан,
«Жазыңыз, жазыңыз», — деп сұранады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter