Өлеңдер ✍️
Жыр шөлені
Сол тауда — кемел жиын, кенен бейне.
Келгендер ықыласқа бөленбей ме?
Қардештер, мүсәпірлер дегенді естіп,
Бейбіт бей жалт қарады Төлен бейге.
Әпендім дейді бізге, әзілі ме?
Әйтеуір, ризамыз саз үніне.
Бір түркі бір түркіні түсінбесе,
Бүгінгі бұл буынның жазығы не?
Біз емес екі тілді еткен шұбар,
Арада алынбаған көп те енші бар.
Мезгіл мен иықты елдер ықпалынан
Ауысып сөздің мәні кеткен шығар.
Күресу сан ғасырға созылған-ды,
Шыдарлық түркілерде төзім бар-ды.
Келсем де мың жыл сақтап,
Ұқпайды-ау деп,
Менің де айтылмаған сөзім қалды.
Сол күні айналмадым шешенге мен,
Қайтарар бір кездері есемді өлең.
"Қандастың ата жұртта аздығынан
Қасіретті көрдік біз", — десем деп ем.
Толғаттым бөбек — сөзге осы елде мен,
Тілімді тілің болды кісендеген.
"Жеті жұттан өтсе де менің халқым,
Рухын жоғалтқан жоқ", — десем деп ем.
Жаңа сөз жамалса да ескі астарға,
Көңілі түркілердің өсті аспанға —
Дүрілдеп тау ішінде жыр оқыды,
Әлемнің әр жерінен бас қосқанда.
Тұмағаң бастап еді үлгілі ойды,
Ал Нұрлан танытсын бір жыр дүлейді!
Бәйек боп баян десе бауырлары,
Бағалап Ақұштап та үлбірейді.
Көрінбей бөтен болып бірі бізге,
Қарамадық жат болған жоқ тілімізге,
Жүрегіміз тұр еді көзімізде,
Үмітіміз тұр еді үнімізде.
Қайтсе де халықпыз ғой анық, текті,
Сүйеді сезімталдар жарықты, отты.
Отты жыр найзағайдай шақпақ шағып,
Дүние жап-жарық боп жанып кетті!
Адам туса, ақын боп тусын дағы!
Сол күні гүлдеп жырдың тылсым бағы,
Өлеңнің шөленіне шөлдегендер
Сұлулық суатынан сусындады!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter