Өлеңдер ✍️

  08.07.2021
  260


Автор: Күләш Ахметова

Ұлытауға шыққанда

Бауырмалдықтан басталып кетіп ішкі ән бір,
Ұшаққа мініп, ұшқыр деп біліп құстан бұл,
Жеткенде жылдам,
Туғалы біздер көрмеген
Түріктер тұрды — құшақтарына қысқан гүл.
Әуелден қаны, тамыры ортақ жандармен
Әуежайынан амандасады Стамбұл.
Түріктердің де қазағымыздай жүзі өңді,
Автобус күтті, аттар жоқ таққан үзеңгі.
Бұл қалай демей, қарсылаған соң бауырлар,
Қалаға кірмей, қалыстау тарттық біз енді.
Теңіздің түнгі ауасын жұтып, айхай, бір,
Кештегі керуен кестелі жолмен түзелді.
Көк белден кейін көтерілеміз көк белге,
Ұйқыдан безіп, ой ұзатамыз өткенге.
Түнімен жүріп, жүрген бір сайын биіктеп,
Көк шырша толған қосылып кеттік көктемге.
Көктем бе егер болмаса паң да, өктем де,
Балбырай түстік жұпары миға жеткенде.
Адамы қайсы, аршасы қайсы мен бірден
Айыра алмадым аймақта айлы өң кірген.
Жанғандай оттар бір кезде біреу сөндірген,
Көбейіп басым, кеңейетіндей енді іргем.
Сонда мен
Сонау тәкаппар таудың басында
Әділет бар деп ақын көңілімді сендіргем.
Әлдеқайлардан жеткендей асқақ, албырт ән,
Жадымда қалған тарихтың даусын жаңғыртам.
Адамзат үшін
адасып, қайта табысып
Жататын жазмыш — тағдыр тән...
Түнгі жолдан соң рауан нұрын таратқан
Жұмақтың таңы секілді болды сол бір таң.
Амансыздар ма, аршалы таулар, зеңгір көк,
Жүруші ем осы асқар шыңдарды көргім кеп,
Ежелгі қалпы — ескі таулардың үстінен
Елеусіз ұшқан мұнарсыз сұлу мөлдір лек.
Ең бір көп менің сағыныштарымды қозғайды
Сайраған құсқа қосылып самал жел де үрлеп!
Ұлытаудың да Алатау сынды тұрысы.
Тау ғана таудан биік дейді ғой, дұрысы.
Амансыңдар ма, ақиықтардың биігі,
Үлкен әлемнің кішкентай әйбат бұрышы!
Күнменен бірге көтерілгенде көк шыңға,
Ашылмас па екен ақынның жаңа тынысы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу