07.07.2021
  364


Автор: Орынбай Шойбек

ЖҮРЕКТЕГI ЖӘДIГӨЙ. 1-ЫЗАҚОР. 2-САҒЫМ КҮНДЕР

ЫЗАҚОР


— Жек көремiн, сенi. Не десең, сол де... Ненi айтсаң, соны айт... Шыны сол, кешеден берi жек көремiн, сенi... Жек көремiн... Жек көремiн... Ақсары өңдi, нұрлы жанарлы, топ-томпақ бала өксiп-өксiп жылады. Күнәсiз, мөлдiр қара көздерiн жасқа шылап тұрып: «Бұрын жақсы көретiн едiм ғой, жақсы көретiн едiм, сенi», дейдi әлдеқандай қасiрет көрген ересектерше басын шайқап... Одан төрт-бес жаз ғана ит көйлектi бұрын тоздырса да бойжеткеннiң салтанатын құрып қалған қыз ызақор жасөспiрiмдi жұбатып әлек.
— Ой, Әлiм! Сен әлi бөбексiң ғой. Үлкендер сендейлердi уыз сүтi аузынан кетпеген дейдi. Ал Назар — сақа жiгiт. Джентельмен! Жақында ғана бiлдiм, шет елдерде жiгiттiң сұлтанын солай атайды екен. Бiлесiң бе, ол маған көп көмек көрсетедi. Түсiн соны. Атақты әншi болуыма жәрдемдеседi. Ол маған қонған бақ. Бiрақ бұл сөздi түсiнуге саған әлi ерте. Бақ дегеннiң не екенiн түсiнбейсiң. Қой, өкпелеме. Жылама. Өзiм белгiлi әншi болып алған соң бар ғой, саған қамқор боламын. Екеумiз қайтадан бiрге ән шырқаймыз. Қайда дейсiң ғой? Үлкен сахналарда. Берiсi Ташкент, Алматы... арысы Мәскеу, Лондон, Париж, Нью-Йорк... Сөйтiп кете бередi... Түсiнемiсiң? Мiне, сол кезде бақ құсы саған да қонады. Әй, түсiнбейсiң-ау, түсiнбейсiң.
— Түсiнбеймiн. Түсiнiп керегi жоқ. Бөбек дейсiң, мен бөбек емеспiн. Кемсiтпе өйтiп... Айттым ғой, кешеден берi сенi жек көремiн деп. Жаман қыз екенсiң, өте жаман қызсың. Келiстi жiгiт көрсең дереу қылмыңдап шыға келесiң. Мен үлкендердiң әңгiмесiн көп естiгенмiн.
Қыздың бетiне қызылы шауып, ызаға булығып, шапалақпен шарт еткiзiп жасөспiрiмнiң жағынан тартып жiбердi.
— Ақымақ бала екенсiң!
Әлiм өксiгiн тия қойып, безердi де қалды. Бала емес бәле дерсiң.
— Құндыз! Сен оңбағансың! Көресiң, мен де анау бар ғой, сол сияқты сәнденiп киiнетiн жiгiт боламын, әлi. Сонда осыныңды алдыңа келтiремiн. Кербезсiнiп кеудесiн керген қыз, бәрiбiр баланы менсiнбедi. Сазарып тұрған балаға сумаң еткiзiп тiлiн шығара кекетiп, кердеңдей басып, сыртқа қарай жөнеле бердi.
Он екiге ендi қадам тастаған ызақор бала еденге отыра қалып, қос жұдырығымен тiзесiн тоқпақтады. Бiр жапырақ жүрегi жарылып кетердей тарсылдап тулады. Балғын жүйке үзiлiп кетердей шамадан тыс созыла керiлiп, өте қатты ызаланды. Бұл ызасы бiртiндеп бәсеңсiп барып басылды да, артынша көкiрегi қарс айырыла қайғырды.
Жас жапырақ жүректiң сол қайғысын өзгелер — өзi құралыптас құрбылары да, ересектер де түсiне алмайтын едi. Түсiну қайда? Жан шырылы өзiнде, мұнартқан мұңы көзiнде-тiн.


САҒЫМ КҮНДЕР


Уақытқа кiм билiк еткен. Бұлдырап өтiп кетедi де... Балалық бал дәурендi бiрге өткiзген қос дос мейрамханада ұзақ отырып сырласты. Даяшы да оларға бәйек боп, асты-үстiне түсiп, мүлтiксiз қызмет көрсетiп жүр.
— Сен бақыттысың..., — дейдi шала мастауы.
— Қайдам, өзiм сезiнер емеспiн.
— Бақытты емеспiн деп айтуға ауызың қалай барады. Бiлдей бастықсың. Атақ, даңқ, абырой деген сенде жетедi. Мына бiз сияқты қарабайыр ауыл мектебiнiң директоры емессiң. Байлығыңды ғой, әрине, бiзге айтпайсың. Бiлетiнiм — хан сарайындай үйiң, әсем саяжай, қос-қос шетелдiк жеңiл көлiгiң, қалтаңда жүретiн мыс-мыс ақшаң ғана... Содан-ақ бiрдеңенi аңғарамыз... Сеземiз... Серiлiк құрып, әрi жас, әрi сұлу әйел iздейтiнiңдi де сезгендеймiз. Бiрдеңенi бiлемiз.
— Еркекпiз ғой, ендi... Оның үстiне Мұқағали ақын айтпақшы, тәуiрлеуiмiн... Шала мас досы, бiртүрлi ыржиып, ықылық ата күлдi.
—Е-е-е. Еркекпiн де... Бiз ше? Бiз қандай еркекпiз? Мұқағали бiз туралы айтпап па?
— Онда менiң шаруам жоқ. Қол астыңдағы мұғалималарға қырғидай тиетiн шығарсың, көп болса...
— Жо-жоқ... Өйтуге болмайды. Оқушылардың алдында беделден жұрдай боласың. Оған бармаймыз ғой. Педагог деген атымыз бар. Рас, кей-кейде, ретi келiп жатса... Онда да өзiң секiлдi серi достар қатарына қосып, көңiл көтеруге икемдеп қалғанда ғана. Бiздi бұзатын сендерсiңдер.
— Бұл шаруаң, байқаймын, жетiсiп тұрған жоқ екен. Көптен қалған қаңсықты құша берем десеңшi.
— Өйтiп кемсiтпе. Шындап келгенде мен де өзiң айтқандай еркектiң тәуiрiмiн. Сен қайта маған қарағанда бала кезiңде осал едiң. Есiңде ме, әлгi өзiңнен үлкен Құндыз қызға ғашық болып, содан жiгiт шағыңа дейiн сарыуайымға салынғаның...
— Пәк махаббатты қозғамай-ақ қойсаң еттi. Ол өлгенiмше жүрегiмде қалады.
— Пах, шiркiн! Пәк махаббатшыл бола қалуын. Есiңнен шыққан екен, Құндызға кек сақтап, талай безергенiң.
— Осымен Құндыз мәселесiн тоқтатсақ қайтедi. Бағы ашылмаған байғұс қой ол. Қазбалап не қыласың.
— Өзiңнiң сөзiңе орай айтып жатырмын да. Айтпақшы, оның қызы мектептi менiң қолымда бiтiрiп кеттi емес пе. Қай күйеуiнен екенiн бiр Құдайым бiлсiн, бет-әлпетi тура Құндыздың көшiрмесi. Әдемi-ақ. Қазiр мына көршi мемлекетке айналған Ташкентте мамандық алып, жұмыс iстейтiн көрiнедi. Құндыздың өзi де сонда ғой.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу