Өлеңдер ✍️

  04.07.2021
  161


Автор: Иса Байзақов

Мәліктің сипаты

Жайдары нұрлы жүзі жылы ғана,
Асығып ешуақытта саспас және.
Бойында жасырынған жігер-қайрат,
Барлығы белгілі тұр білім-сана.
Денесі толық, түрі орташаның,
Еріксіз мінез-құлқын сүйед жаның.
Арыстандай айбатты қайда көрсең,
Кездескен жау білер тек жоқ болғанын.
Тағы оның шешен тілі өткір оқтай,
Жанары қараңғыда жанған шоқтай.
Жай кездессең қыз мінез ұялшақ-ақ,
Қоймайды жолдасының бабын таппай.
Жаралған бір үздік жан ел қамы үшін,
Теңесең Рүстемдей оның күшін,
Жауына жапырғалы қарсы жүрсе,
Кетеді қаһарланып барлық пішін.
Отындай Жанартаудың жалын шашып,
Кеткендей сұсыменен жауды басып,
Қазақтың Рүстемі батыр Мәлік,
Қаһарланса, тау сілкер, судай тасып.
Әне, аттанды жауына батыр Мәлік,
Бар оның тілегінде сүйген халық..
Залым жау ңұрлы күнің таянды деп,
Тұрғандай от жүрегін қолына алып.

***
Қарашы, домбыраның еркесіне,
Исаның шығып алды желкесіне,
Домбыра - екі ішекті, тоғыз перне,
Арқаның кез болдың ғой серкесіне.
Толқынды топшыменен қақ айырып,
Өлеңнің мен жүзейін өлкесіне.
Самғайын қанатымды жел үйіріп,
Қонғандай Оқжетпестің өркешіне.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу