Өлеңдер ✍️
Төртінші желдірме
Ембіде мұнай қазған еңбек ері
Жұмысшы балуан білек тұрмыс белі,
Мұнайға жылжып барып тамшылайды,
Мөлтілдеп шып-шып шыққан маңцай тері.
Ұстара қолдарында бір-бір күрек,
Алмастай тиген жерін кетеді іреп,
Тамырын майлы жердің қиып түсіп,
Дірілдеп мұнай шапшып шүмек-шүмек.
Өнердің таң қалдырды бір қызығы,
Бойлатып жер астынан салған бұрғы,
Мұнайға сом балғамен барам десе,
Қағысып жол бермейді қызыл құмы.
Жылмаңдар жүйрік бұрғы жылмаң-жылмаң,
Суылдап арасымен қызыл құмның,
Нақпа-нақ шын көзіне ине өткендей,
Сүйріктей мұнай шапшып қылмаң-қылмаң.
Доссорым ана жақта жатыр шалқып,
Астында ақ Еділдін майы қалқып,
Төменде асыл кеннің қызуына,
Терлейсің басып тұрып, бойың балқып.
Байшонас, Мақат, Бекпай тағы да бар,
Мындаған бәрінде де жұмысшылар.
Сабадай ерте кеште күмпілдетіп
Мың пұттап сағатына май ағызар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter