Өлеңдер ✍️

  04.07.2021
  230


Автор: Жұбан Молдағалиев

Шипа

Күйзелгенге күн де бір – сарша қауын.
Кінәлідей дертіңе барша қауым.
Қалай қараң дүниені ете алады
Менің ғана дағдарып, шаршағаным?
Саф алтынмен түстес қой күз дегенің.
Жырға шабыт мен одан іздегенмін,
Таңғы шығы сәбидің көз жасындай
Тұрды алдымда мөлдіреп түзде менің.
Кеңейтпейді, қыспайды пейіл нені?
Сырқаттың да келеді кейін емі.
Бұлт, тәйірі, қабақтың кірбіңі ғой,
Бір күлсең-ақ жарқырап сейіледі.
Күзің тұрсын, қыста да тоңа қалар
Мен емеспін, жоқ, іні, жоқ, ағалар.
Кім сілкінбес жатқанда сыпырылып
Тас тұсаулар, түндіктер, томағалар.
Дерт боп еді даңғойлық, дарақылық,
Жан-жүректі паршалап, жара қылып.
Қаптап еді көзді шел, көңілді кір,
Қит кетсең-ақ күлдірлеп қара құлып...
Қырандарға құзғынның таққан атын
Жылдар жоқ деп ойыңнан сақтанатын,
Қалам маған шабытын ұсынады,
Қағаз маған тосады ақ қанатын.
Жүректердің лайлайтын шағы туды,
Булыққан күш бұрқырап, ағытылды.
Ұлы шипа – тазару, жаңарулар,
Жоқ, сембейді, ақынның жағы, тілі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу