Өлеңдер ✍️
Өмірдің өтуі
Құдыққа құлан құлаған,
Құлағанда құрбақа
Қауіп - қатерсіз ойнаған,
Ойлағанға бұл заман:
Қырда құлан жүрсе аман
Лаң, түрлі қазадан,
Бақа жаны баз кешер
Құлағына құланның
Ойнаймын деп бойлаудан.
Сусаған құлан шұбырса,
Аса бір аса құл аудан,
Іздегені қақ болар,
Жолбарысқа жол тосқан
Қазалы құлан тап болар,
Бой жасырып ол жыртқыш,
Шыға бір шапса сайлаудан.
Жүген, құрық тимеген,
Шая шөптен жемеген,
Тұнықтан бойлап су ішкен,
Арқада ойнап тебіскен,
Үйірден жалғыз қаларсың,
Кеудеңнең шығып шыбын жан
Жүрегіңді жұлып жем етер,
Қазаңа шапқан ол айуан.
Іздегені тап болып,
Олжасына қарқ болып,
Маң - маң басып ол қайтар,
Буынына түсіп жылы қан.
Қайратына мас болған,
Қайдан білсін ол айуан?!
Бөкен терісін бөрік еткен,
Сексеуілден күрке еткен,
Бауырына тулақ жамаған,
Қаңбаққа жүзін қамаған.
Білтелі қара қолында,
Шақпақтан оған от беріп,
Жолында жатыр бір адам.
Қазаң жеткен жолбарсым!
Құмалақтай қорғасын
Аға шығар шаң беріп,
Өңбеніңнен кірсе қолдаудан.
Дүние опа кімге еткен?!
Теріңді тонап олжа еткен,
Ғазірайыл жағын кезенсе,
Мергенім тірі қалар ма,
Қатын - бала жылаудан?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter