Өлеңдер ✍️

  19.06.2021
  290


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жүрсем деймін көңіл шат, гүлді алаңдай

Жүрсем деймін көңіл шат, гүлді алаңдай,
жанарыма, жаныма мұң қамалмай.
Жақтырмайды біреулер, менің үнім
желкесін тырнағандай.
Қарасады
бағзы бір шыңдары да
(шың
дейміз-ау төбедей тұлғаны да!)
мен айыпты секілді
табиғаттың
туғызған жырларына.
Сүйсінгенде әніме тәнті халық,
дақ түскендей басқаның даңқына анық
қуанбайды,
жүргендей мен солардың
талантын тартып алып.
Біледі олар:
өмірім, әнім, гүлім,
қуанышым, жастығым, сәнім де - үнім.
Мақтамасын. Неге олар дірілдейді
айтуға әділдігін?
Мінезіме ойнайды ессіз кейде,
бұдан бірақ жүрекке кек сіңбей ме?!
Әлде жырдың көгінен жұлдыздардай
тез ағып өтсін дей ме?
Асығамын мен содан, аласұрам,
(біле тұра қажетін сана, шыдам)
жарылсам да,
кетем деп атқылатып
жыр селін шарасынан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу