Өлеңдер ✍️
Інілеріме
Сырсыз емен, сырым көл,
Қасымда күнде сырласым.
Жазайын елең өрнектеп,
Інішегім тілек қылғасын.
— Айтшы кәне, жан аға,
Сырыңды інің тыңдасын?
— Тыңдашы, қалқам, кәнекей!
Ақының — ағаң жырласын.
— Жырлашы, аға, жырлашы?!
Су ма екен жырың, бал ма екен,
Тыңдашы дейсің тыңдашы,
Мен тыңдары бар ма екен?
— Балдай тәтті — бал қалқам,
Қорғаным, сәулем, жұлдызым.
Ардақтысың маған сен,
Күлші күндей, құндызым.
Жырым судай салқын боп,
Бойыңды билеп тартпаса,
Тыңдама менде өкпе жоқ,
Жақпаса саған, жақпаса,
— Алтыным, айым, күнім деп,
Сүйесің мені, сүйесің.
Туысқаным, інім деп,
Еркелетіп жүресің.
Алдыңа алып аялап,
Күйдіресің күлесің
Маңдайымнан иіскелеп,
Сүюді ғана білесің.
— Қарашығым, не дейсің?
Болдың неден өкпелі?
Үстіңе костюм, жаңа етік,
Кеше әпергем жоқ па еді?
Мектебіңе баруға,
Даярсың ғой күн - қалқаш,
Апаңда көйлек, шалбарың,
Шкафта қағаз, қарандаш.
Енді саған не керек?
Айтшы, қалқам - сәулетай?
Айтшы, жаным, тезірек,
Ашуланбай, бұртимай,
— Бәрі де бар мен үшін,
Жаңа киім, жаңа етік,
Даярладың бәрін де,
Ерте бастан қам етіп,
Киіндірдің ініңді,
Мінсіз етіп сәндетіп,
Жалғыз-ақ өлең жазбапсың,
Мен айтуға әндетіп.
Сондықтан маған жетімсіз,
Ішіңнен жақсы көргенің.
Маңдайымнан иіскелеп,
Жүрегіңді бергенің.
Көптен сізге айтуға,
Сақтап ем осы сырымды,
Ағатай, кәне көркемдеп,
Жырыңды жазшы, жырыңды?
Кетті інішегім жүгіріп,
Ойын салып бұлтыңдап,
Отырдым да ойландым,
Болдым оған жыр жазбақ...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter