Өлеңдер ✍️

  15.06.2021
  198


Автор: Қасым Аманжолов

С...ға

Тұлпарын мініп алып жастық шақтың,
Өмірдің өріне өрлей жүйтки шаптым,
Сайрандап сәулетті өмір саясында,
Көңілім не тілесе — бәрін таптым.
Қайырлы сапарымда көпті көріп,
Арудың алуан сортын ұшыраттым;
Мен көрдім сұлуларды сандуғаштай,
Сайраған саясында «Иран бақтың».
Мен көрдім таң алдында, тәтті ұйқыда
Құпия сыр-сипатын перизаттың;
Сен соның бәрін-дағы ұмыттырып,
Шығыстың шолпанындай көзді тарттың,
Жүректі әлдеқайда жетектейсің,
Бейне бір сен магнит, мен болатпын;
Тәуекел! Дариясына кеттім сүңгіп
Шалқардай шалқып жатқан махаббатың.
Қиыннан қаймықпайтын әдетім бар,
Еркіне қоя бердім ер талаптың.
Болғанда сен аспанның аққу құсы,
Сұңқардай соңнан қуа қанат қақтым;
Амал не, аққу шіркін қонса барып
Көңілсіз көңіліне бір басқа жақтың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу