Өлеңдер ✍️
Қырман
Қылмыңдап қырға сұлу күн,
Қызуы қыздай жайнады.
Сәлемдесіп сәулемен
Су сумаңдап ойнады.
Салалы талдар салбырап,
Сайда самал еседі.
Қарағай көкке маужырап,
Бұлт керуендей көшеді.
Алатау беті шұп-шұбар,
Шырғанақ, дүлей бадалды,
Алатау бауыры егіндік -
Бұрқыратқан сабанды.
Төскейде бұлақ сылдырап,
Оятады далаңды;
Төбеңде торғай жыр жырлап,
Тербетеді мазаңды.
Естіледі жалғыз-ақ:
«Өк! шүу!»- Бекең сарыны.
Бес сиыр қоста, жалғыз ат,
Бекен айдайд тарыны.
Көкшолақты қақпалап
Қара пұшық баласы;
Қараша үйде қап жамап
Отыр оның анасы.
Діңгекті сиыр айналса
Бақайлары сыртылдап,
Қызыл маржан жайнаса,
Мұз қырманда жылтылдап.
Мұртынан күліп Бекеміз,
Көлеңкелеп бұтаға.
Қожалақ қолды қоялы
Ышқырдағы шытаға.
Қос айдаған баланың
Құрықшасы тақымда;
Бекем қағып шытасып,
«Сусын!» дейді қатынға.
Жамаған қабын доғарып,
Басады Балдан жүгіре,
Мелшиген мес шұбалып,
Жетеді жығыла-сүріне.
Саптыаяқ қалған саламда,
Қоқымға көже сынысып,
Топанды көже жұтқанда
Күреден шығып тер шып-шып;
Сусын жұтып, қырманды
Жаңалап қайта шешеді.
Қырмандап қайта шешеді.
Қырмандап қыдыр диқанды,
Диқаншы қызыл көшеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter