Өлеңдер ✍️

  13.06.2021
  164


Автор: Марфуға Айтқожина

ЖҮРЕГІМДЕ

Көп тарихпен таныстық жол үстінде,


Қанша әңгіме айтылды сол үш күнде.


Батырлыққа бай екен


Болғар елі


Жетпеген оңайлықпен жеңіс күнге.


Көгілдір Балқан елі,


Бауырларым,


Жеңдірмей,


Жеңіп етті дауыл жаның.


Ұқсайды қыр қызына аруларың,


Аумайды ауылымнан ауылдарың.


Өзеннің қой тоғытқан бөгенінде,


Көк бұйра қозың жатыр — Көгеніңде.


Әжемнің ежігейі еске түсті,


Үгілген ақ ірімшік жегенімде.


Бүркеді түн шымылдық заңғар жүзін,


Қой күзетіп, ән салған


Таңдарға ұзын.


Әзілге іркілмейтін ашық мінез,


Жеңешеме ұқсаттым болғар қызын.


Орандым жанарыңнан от ұшқынын,


Маған да үлкен мерей —


Ежелден елдігі бар,


Ерлігі бар,


Емес-ау, болғарлар да тегін халық!


Жүрсек сезер жатын кім,


Жақындау кім,


Бауырым, мен де өзіңе


Батылдаумын.


Балқан мен Алатаудың биіктерін


Жырлары жалғап жатты ақындардың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу