Өлеңдер ✍️
ӘКЕ ЖҰРТЫ
Шыққанда Талқыны асып,
Кезеңге бір,
Құйылып қолқа — жүрек, өзенге нұр.
Сайрамның жанарынан жас жаңбырлап,
Егіліп жатқандығын сезер көңіл.
Теңдессіз тап болғандай бір суретке,
Басылды көзіме оттай Күркілдек те,
Коп жылдар өзіңменен көріспеп ем,
Ұсынып тұнығыңды тұрсың көпке.
Кешірдің тентектігім аңғарылса,
Неліктен жақын едің жанға мұнша.
Маңына маржан шашқан,
Күркілдегім,
Ішейін тұнығыңды қанғанымша.
Шым батып жоғалмайтын
Тасқа,
Құмға,
Өзіңсің өзенім де,
Бастауым да.
Мен сені қалай ғана ұмытайын,
Әкемнің жұрты жатыр бас жағында.
Бөктерде,
Қарағайлы,
Көгал — шатты,
Әкемнің жұрты жатыр,
Жоғалмапты.
Кетсе де өзі өмірден,
Көзі ғой бұл,
Тұрмын мен тебіреніп соған қатты.
Мен тұрмын тебіреніп,
Еміреніп,
Жатқандай сол бір жұрттан өмір өріп.
Ескі жұрт!
Еске салар кәп жайларды,
Жатса да ойы ойсырап,
Өрі кеміп...
Оты орап өкініштің құшып жалын,
Өтті екен қимай қарап,
Тұсыңнан кім?!
Сол күндер өлең болып оралды ма,
Сол жігіт қырдан теріп ұсынған гүл.
Кім ұғар, сол сәттегі күйімді,
Алла-ай!
Ұсынған тағдыр маған күйің қандай.
Әкемнің көне жұртын көрген кезде
Бауырыма ыстық сезім құйылғандай!
Жөңкілген бұлттар дайын аспан кернеп,
Сол сезім мені ілгері бастай бермек.
Сол сезім сияқтанып тұр ғой самсап,
Мәңгі жас самырсындар тастарда өрлеп
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter