Өлеңдер ✍️

  08.06.2021
  190


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Танаубай мен Балаубай

Біреу мал, біреу бал жесе,
Біреу қазы мен қарта, жал жесе,
Біздің Танаубай минут жейді.
Балаубай оны былай суреттейді:
— Танаубай кешігейін деп кешікпейді,
Және де "тамағым тесік " дейді.
Бір нәрсе тауып жұтпасам,
Оған тығын тықпасам,
Өңеші құрғыр жыбырлай береді.
"Жұт - жұт " деп жыбырлай береді.
"Жұтқызатын кім болар " екен деп,
"Қолыма бүгін кім қонар " екен деп,
Айналақтап жүріп алданып қаламын,
Болмашыға малданып қаламын...
Осы қылығын білдірмейін деп,
Жұртты күлдірмейін деп,
Өтірік айтып бөсетіні бар,
"Бірде насыбай шақшам қалып " деп,
"Әйелімнен тыққан ақшам қалыпты "деп,
Жоқты сылтауратып, қызметтен кешігеді.
Мұндайда таныс табыла кетеді,
"Қызылды " қойып "ағына " көшеді,—
Сонымен танаулап Танаубай кетеді.
Осы қызудың үстіне Балаубай жетеді.
Кеңсеге келсе бастығы қысады,
Далаға шықса мастығы қысады.
Кеш келіп, жұмыстан ерте кетеді,
Онымен қоймай,
Бір-екі кісіні ерте кетеді.
Бірақ айлық жүріп жатады,
Оны кім біліп жатады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу