Өлеңдер ✍️

  08.06.2021
  159


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Есекеңе десе екен

Біз отырған көшеде
Көзге түсер көп үй бар.
Ала-бөле ішінде
Көк күмбезді көк үй бар.
Сол үйдегі көршіміз,
Көзге түсер кісі емес.
Қырма сақал қыңыр төс,
Жасы елуден кіші емес.
Өзгеге тіп-тік болғанмен,
Бастыққа басын иеді.
Иіскейді тұмсығын,
Астыңғы ұрттап иегі.
Көлгірсуге келгенде,
Майдалығы мақтадай.
Ділгір жерде өткір - ақ
Екі жүзді шаппадай.
Лауазымы онша емес,
Баздың ғана бастығы.
Қайдан қоңыр жұп-жуас,
Ешкімге жоқ қастығы.
Қынама қор, жымысқы,
Есбай деген осы екен.
Есбайы кейін жойылып,
Атанып жүр "Есекең ".
Мейлің мінеп, сынай бер
Күле тыңдап тұрғаны.
"Түсінемін" дегені —
Көзін мықтап жұмғаны.
Сонау бір жыл баспана,
Үйі де жоқ болатын.
Тар үйшікке барлығы,
Топырласып қонатын.
Тәпенек, тар сол үйшік,
Айналыпты күмбезге,
"Күмбез үйлі Есекең"
Атаныпты бұл кезде.
Кеш іңірін жамылып,
Келсе үйіне рояль,
Шоферына ақырып,
Бұйырып тұр бір әйел.
— Көтер, өлем дейсің бе,
Иілмейсің неге, сен! —
Дегенде оның даусынан
Әйел екен демес ең.
"Волга" сырттан ақырын
Кіреді үйге сыр етіп.
Тоңазытқыш ток, тартып,
Сілкінеді дүр етіп.
Бірақ, ізін көрсетіп,
Жалғыз тиын жесе екен,
Түк ізі жоқ білінер,
Байып кетті Есекең.
Аңқау жегі, арамза,
Есекеміз осы екен.
Тиісті орны: — Бұл қайдан?
Есекеңе десе екен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу