Өлеңдер ✍️
ҚАНАТЫ ЖОҚ ПЕРІШТЕ
Не мұңымды, не шынымды айта алмай,
Көп ішінде жүрмін жалғыз байқалмай.
Қанаты жоқ періштемін – мен сенсіз,
Ал, өмірім – мүйізі жоқ сайтандай...
Сенен мені, менен сені ұрлап ап,
Қанатымды құртып бітті-ау жұлмалап.
«Ұша алмайсың, құша алмайсың енді...» – деп,
Сақ-сақ күліп, сайтан-өмір тұр қарап.
Соңғы күшім сарқылғанда денемнен,
Қыран құстай құздан құлап өлем мен.
Ақын да бір – қанаты жоқ періште,
Қиялдайтын қанат жасап өлеңнен...
Күтем сені, күтемін деп келіскем,
Ғұмырымыз бітер ме екен жеңіспен?!
Жұмақтағы періштелер көп шығар,
Бұ жақтағы сенсің – жалғыз періштем!
Түсетіндей түпсіз, терең бір мұңға,
Жарым түнде жар шетінде тұрмын ба?
Қанаты жоқ періштемін, өзің кеп
Құтқармасаң, құлап барам құрдымға...
Өлтірмесең, тезірек кел, Өлең-қыз,
Не бағымыз, не сорымыз, көнерміз?
...Екеумізді көтере ме қанатың,
Көтермесе, бірге құлап өлерміз...
Көрерміз...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter