Өлеңдер ✍️

  06.06.2021
  232


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Бала шымшық

Балапан, темір қанат, қызыл тұмсық,
Қауырсын қатып болмай қара қылшық,
Сайрағаны бір күндер сәтті шығып,
Көп аузына ілінді бала шымшық.

Қызғыш айтты: "Теңіздің толқындарын,
Көрген едім тасқындап соққан жарын,
Биік тұрып сайрарлық дәл осы үнде,
Байқап тұрмын бір ғажап толқын барын.

Шағала айтты мен де бір шағаламын,
Талай шалқар көлдерді жағаладым.
Талай нәзік, сазды әндер тыңдап едім,
Сондай ырғақ барлығын шамаладым.

Соңғы сөзді бір кәрі тауық айтты:
Десіп жатты шуылдап: "Тауып айтты!"
"Біз атақты әншінің біреуі едік,
Қашаннан келе жатқан аруақты.

Менімше де бұл шымшық нағыз дарын,
Үнінде жоқ баяғы ескі сарын,
Бір шынарға қондырып шіркін өзін,
Тарқататын әнші екен жан құмарын "

Десіп түгел шуласып, гуілдесті,
Дастарханның үстінде бәрін шешті,
Бірі демеп қолтықтан, бірі сүйеп,
Бәйтеректің басына көтерісті.

Бәйтеректің басына қонды шымшық,
Табанында қалғандай болды қырсық.
Көкке тұмсық көтерді сезбесе де,
Ненің исі, — деп қойып, бұл тымырсық?"

"Әншілер - ай, бүлдіріп, ескі кексе,
Қадалып жүр қалмастан тікенек,
Буындары сыртылдақ, қара дүрсін,
Шумақтары шұбалаң жуан бөксе..."

Көрем, әне, төбелер тықыр болған,
Білем, әне, мүйіздер тұқыл болған,
Таңдайында түк тәтті нәр қалмапты,
Елеңдетер құлақты тықыл қалған.

Міне, біздер сайрайтын "жаңаша",
Бүкіл әлем тыңдарлық тамашалап,
Дегенді айтып жіберді бала шымшық,
Көптен шығып алды да оңашалап.

Бірақ, әрі бәрібір ұша алмады,
Қайтып жерге биіктен түсе алмады,
Қондырғандар қолпаштап тарап кеткен
Жылы сөздің бірі жоқ ұшардағы.

Өзі шықпай өнердің биігіне,
Өзі тауып сүңгімей тереңіне,
Демеу, сүйеу, қолпаштау қондырғыға,
Қона қалу орынсыз, керегі не?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу