Өлеңдер ✍️

  31.05.2021
  255


Автор: Тұманбай Молдағалиев

Кішкентай Құралайға

Құралай деп қойыпты саған да атты,
Сол есім атаңды көп алаңдатты.
Жүрісің мен тұрысың, есімің де
Ұнап бара жатыр-ау маған қатты.

Толар еді-ау шаттыққа көзі бір сәт
Балалықтың айтылар сөзін ұқсақ,
Қойып кеттің қорықпай, суға жүздің,
Құралайдай тәтеңнің өзіне ұқсап.

Қарсы алып бір қалың ел құрметпенен,
Көп қарар-ау көзіңе нұр кетпеген.
Мүмкін, ғылым қуарсың сол тәтеңдей,
Бақытына жетерсің ол жетпеген.

Бәрі мүмкін, Құралай, мүмкін бәрі,
Сағынышын самалдың гүл тыңдады.
Көз алдыма келеді сені көрсем,
Жаздыкүнгі даланың құлпырғаны.

Әжеңді сен ұмытпа бала баққан,
Қолыңнан ап ауылды аралатқан.
Жеріңді сүй, Құралай, тәтең құсап,
Еліңді сүй ертеңге бара жатқан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу