Өлеңдер ✍️

  31.05.2021
  357


Автор: Дулат Бабатайұлы

Ата қоныс Арқадан

Ата қоныс Арқадан
Басында қазақ ауғанда,
Күзді күнгі нөсердей
Көзінің жасы жауғанда,
Ақтабан боп шұбырып,
Асып асқар таудан да,
Алқакөлді айналып,
Ақ қайыңды сауғанда,
Арысын белден омырып,
Қалмақ тартып барды алды;
Ұйқысы түссіз қанбаған,
Ел қалап, ер тандаған,
Берген серттен танбаған
Аққұба ару жарды алды;
Тең арқаны қиылып,
Артқан жүгі үйіліп,
Өрде шөгіп нар қалды;
Күз тоқсан, қыстың маусымы
Үдере тартсаң азбайтын,
Айсыз түнде адассаң,
Ауылыңнан жазбайтын
Аударып алды тарланды;
Аш күзендей бүгілтті
Алтын қарғы арланды;
Аталықтай ақсақал
Алласына сыйынып,
Тілегі мүлде қиылып,
Сәждеде жатып зарланды.
Аналықтай бәйбіше
Көкірегін кернеген,
Күндіз күлкі көрмеген,
Түнде ұйқы бермеген
Көзінен төкті арманды.
Ел үшін кешіп жанынан,
Ереуілге шыққан ер,
Өлексесін құшақтап,
Қала берді туған жер.
Айрылды қанат-құйрықтан
Қанды көз, қайқы қаракер.
Қара бұлттай қабындап,
Халықты басты қайғы-шер.
Сол бетімен шұбырып,
Торғайдай тозып Сыр түсті.
Туған жерді көксетер
Халықта сөнбес сыр күшті:
Есін жинап алған соң,
Бозбала үйде жатпады,
Тобышақ атты баптады,
Болат сүңгі саптады.
Ата кегін алмаққа,
Ат терлігін кептірмей,
Жиі аттанды қалмаққа.
Дау аяғы айналды
Жазылмас ауру толғаққа.
Кемеліне келген соң,
Арқаны қазақ көкседі,
Арасынан қалмақпен
Бәленің оты өшпеді,
Өшпек түгіл үстеді.
Саулықты қысыр қалдырып,
Қошқардың түспей күйегі,
Айғырдан бөліп биені,
Бурадан бөліп түйені,
Қайта Арқаға көшкені.
Арқаны оңай бермеді
Ірге тепкен көп қалмақ.
Ел шайқалып, ел қандап,
Мал шабылып, жер шаңдап,
Қымбат болды қазаққа
Қалмақтан қайта жер алмақ.
Атақоныс Арқадан
Қалмақтың таймай іргесі,
Сөлі кетіп қазақтың,
Қалған кезде сіргесі
Әбілмансұр хан болды:
Хан болмады қазаққа,
Ағарып атқан таң болды.
Қосылып басы қазақтың,
Алатаудан асырды
Арқадан айдап қалмақты.
Бозбалаға мінгізді
Сәйгүлік пен саңлақты.
Шабаны тұлпар жүйрік боп,
Сайынға шауып шаңдатты.
Шалағайы берік боп,
Шала мерген жамбы атты.
Сарыарқа мүлде бейіш боп,
Елі еркін, кейіс жоқ,
Мыңнан бірді тандатты.
Төрт түлікке толтырды
Толағай тұлдыр қыратты.
Тандыр болған жылғадан
Сарқырап тұнып су ақты.
Өзен қып өрге ағызды
Жылжыған жылым бұлақты.
Қураған шынар көгеріп,
Қу тұқыл алды қуатты.
Ай маңдайлы арудың
Жұпармен шашын сылатты.
Оңы – күн, солы – ай болды,
Қара суы – май болды.
Бесіктен белі шықпаған
Жасы өсіп, бас болды,
Еңкейген кәрі жас болды.
Жетім өсіп, теңелді,
Жетісіп жесір, кенелді.
Шалшық суы көл болды,
Құрамалар ел болды.
Мұхитты кезген кемедей
Біраз күн қазақ сайрандап,
Ханталауда, қамалда
Қалды кеме қайраңдап.
Абылай туы жығылды,
Қабырғаң, қазақ, сығылды.
Үріккен қойдай біріңе
Бірің келіп тығылдың...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу