Өлеңдер ✍️

  31.05.2021
  218


Автор: Дулат Бабатайұлы

Тырнақтай меңі болған соң

Тырнақтай меңі болған соң,
Тарлан тартып оңған соң,
Түгіне кір қонған соң,
Мінсіз, меңсіз, кіршіксіз,
Шаңқай болмай, қылаң ба?
Ту ұстап, тұлпар жаратпай,
Алдынан топ таратпай,
Елді аузына қаратпай,
Жәй отындай оқ атпай,
Анадан тудым дегенмен,
Бастамаса ел, ұлан ба?
Ақсақ Темір көреген,
Азуын айға білеген,
Дұшпанын саздай таптаған,
Досын майдай сақтаған,
Алтын діңгек секілді,
Патша өткен Тұранда.
Азғын тартып шүйіліп,
Қасиеті жойылып,
Онан соңғы хан мен бек
Аталыдан азғын тек
Суалып қалды қараңға.
Елді судай сапырған,
Белшесінен батырған,
Шілдеде мұзды қатырған,
Толыны төгіп шайқаған,
Берілді тізгін ылаңға.
Құрт жегендей қуарып,
Дәнің тандыр суалып,
Елдігің кетіп ыдырап,
Алтын жағаң сөгіліп,
Абыройың төгіліп,
Барыңнан да жақсы еді,
Жоқ болғаның мұнан да.
Құзды кемең еткенмен,
Өткелдектен өткенмен,
Қарауыл салып өргенмен,
Сақтанса да мергеннен,
Ажалды оқтан құтылмас
Сақсынғанмен бұлан да.
Екпіні желдей есілген,
Төрт аяғы көсілген,
Ажалдың құрған шебінен,
Аса алмайды шегінен
Қыр тағысы құлан да.
Мекен ғып құздың қиясын,
Бұлтқа салып ұясын,
Айнадай көрген аймағын,
Түйінін шешкен айланың,
Жерге қонбай ұша алмас
Көк еркесі қыран да.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу