Өлеңдер ✍️
Көрініп тұрмағанмен көзге мінім
Көрініп тұрмағанмен көзге мінім,
Сыймайды қанша айтсам да сөзге мұңым.
Біреу кеп біреулерді жамандайды,
Өзіме бітпей жүрсе өз көңілім.
Өлеңде құдайым жоқ,
Абайым бар.
Кім маған пенсия-күн тағайындар?!
Зар болып жүрсем, шіркін, бір секундқа.
Алады сағатымды ағайындар!
Жолдастың хал-жағдайы ескерілді.
Жайлауға айналдырды дос төрімді.
Жаңылған ақыл сұрап мазалайды,
Мен өзім білмей жүрсем не істерімді.
Шынымды айтсам, достар таң қала ма?!
Мен бекер ірге тептім нән қалаға.
Біреулер бір қалыптан шықпа дейді,
Мен өзім сыймай жүрсем кең далаға!
О, туыс! Туысты мен жатсындым ба?!
Бауырды түсінбеген батсын мұңға!
Бірақ сен мақта деме жаманыңды,
Жүргенде місе тұтпай жақсымды да!
Сен осы дау-дамайға икем бе едің?!
Бауырым,
Тиіспегін!
Сүйкенбегін!
Шын айтам:
Селдіреп жүр,
Жұқарып жүр
Құрт жеген жапырақтай жүйкем менің!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter