Өлеңдер ✍️

  31.05.2021
  181


Автор: Қадыр Мырза Әли

Бірің адам болғанмен

Бірің адам болғанмен,
Бірің пенде.
Біреулер бар мықтырақ піріңнен де.
Қателесер тұстар көп білмегенге,
Құлайтұғын жерлер көп сүрінгенге.
Жап-жас болып тұрғам жоқ бүгін мен де,
Кезім болды иілген,
Бүгілген де.
Қайғыратын нәрсе көп қайғырғанға,
Түңілетін нәрсе көп түңілгенге!
Қиындықтың кездейсоқ өткеліне,
Өкінеді кейбіреу өткеніне.
Жылайтұғын себеп көп қапалыға,
Шағынатын себеп көп өкпеліге.
Бұл өмірде таппайды пәле тыным.
Шығарма естен түбі бір келетінін.
Күлем десең себеп бар күлетұғын,
Өлем десең себеп бар өлетұғын.
Жолдас та көп,
Дос та көп бағаң барда.
Көп алдауға.
Арбауға мамандар да,
Бірақ, бірақ
Бола сол жамандарға
Тіл тигізем қалайша адамдарға!
Жамандығын өмірдің кешірме сен.
Кешіре сал кінәлі кешір десе!
Өмірдегі тұманнан адаспайсың,
Көңілдегі күніңді өшірмесең!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу