Өлеңдер ✍️

  31.05.2021
  194


Автор: Қадыр Мырза Әли

Жарқыратып шыққанда нұр маңдайын

Жарқыратып шыққанда нұр маңдайын,
Қызығына әр күннің бір қанбаймын.
Көрінеді көктемде
Көз алдыңда
Күллі дүние теңселіп тұрғандайын!
Баяғы су,
Әрине. баяғы нан
Туған күннің сиқырлы таяғынан.
Мынау шарап ауадан жұтып алып,
Бала жігіт әрең тұр аяғынан!
Бұл кездерде кәрің де,
Жасың да ояу.
Басталады кірпігін,
Қасын бояу.
Бұтақтардан,
Гүлдердің сабағынан
Жер атқылап жатады жасыл бояу.
Жайлау толған құлынға,
Жабағыға,
Жұлдыз қонған аспанның қабағына.
Бүтіндей бір оркестр сыйып кеткен
Бармақтай-ақ бұлбұлдың тамағына.
О, жеңеше!
Не дейді аңғал қайның?!
Жүгін тасып бітірген һамбалдаймын.
Адам түгіл,
Тасқа да қанат бітіп,
Ұшып жүрсе,
Мен қазір таң қалмаймын!
Терек түгіл,
Көктеген бағандары
Бұл көктемнің ауасы маған дәрі.
Тебірене қарайды
Теміржанды
Техникалық ғасырдың адамдары!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу